Жасыл желегімізді молайтып, келер ұрпақтың кәдесіне жарату. Бұл - Ақмола облысындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Бармашы орман шаруашылығының инспекторы Александр Макаренконың өмірлік ұстанымы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Туған жерінің топырағын гүлдендірсем, елден ерек көркейтсем деген перзенттік пейілі қашанда алға жетелейтін Александр Альбертовичті өңірде білмейтін жан кемде кем.
Қазақта «тек» деген текті ұғым бар. Ат жалын тартып мінгелі өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, жан-тәнімен табиғат анаға қызмет етіп келе жатқан Александрды сол жақсылардың жалғасы деуге болады.
Әкесі Альберт Александрович Әлихан Бөкейханұлы атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агломерация ғылыми-зерттеу институтын басқарды, ал анасы Евгения Ивановна осы білім ордасында ғылыми қызметкер болды, қазір құрметті еңбек демалысында.
Александр солардың ізін жалғап келеді. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, Александр ну орманға қарап өсті.
Оның Бурабай орманында табаны тимеген жер аз. Бұл төңіректің тау-тасын, орманын, қай маңда қай аңның көп жортатынын бес саусағындай біледі десек артық емес.
«Щучье қаласында туып өстім, осында оқыдым. Мектеп бітірген соң бала жасымнан жанымды баураған мамандықты игеру үшін Бурабай ауылшаруашылығы техникумына түсіп, «техник-құрылысшы» мамандығын алып шықтым. Әскери міндетімді өтегеннен кейін ата-анамның қасында бірге жұмыс істедім. «Бурабай» ұлттық паркінде 2000 жылдан, яғни ұлттық парктің іргесі қаланған уақыттан бері еңбек етіп келемін. Қазіргі уақытта Бармашы орман шаруашылығының инспекторы болып еңбек етемін», - деп сөзін бастады Александр Макаренко.
Табиғатпен тілдесіп, тылсым сырын ұғатын кейіпкеріміз бүгінде жасы 61-ге келсе де әлі тың көрінеді.
Жастайынан еңбекке араласып, үйренген ол бір сәтте құр қол отырған емес, қыс болса, биотехникалық жұмыстармен айналысып, жаз болса, қорық аумағында ағаш отырғызып, қабан, елік, бұғы және бұлан тәрізді жабайы аңдарға жем-шөп жинап, қысқа қамын жасайды.
«Мен өз мамандығымды жан-тәніммен сүйемін. Орманның ішіне кіріп барғанда әр ағашты, әр аңды алыстан-ақ танимын. Әуел бастан мамандық таңдап, болашағыма бағдар жасап қиналған емеспін. Орман түсіне білгенге қатпар-қатпар сыры бар сиқырлы әлем. Олардың да адамдар тәрізді өз талайлы тағдыры бар. Орман шаруашылығы - шет-шегі жоқ дүние. Осындағы аң-құстарға да адам баласының қамқорлығы керек. Осы ретте, аумағы 130 мың гектарға жуықтайтын ұлттық парктің әр жерінде барлығы жүзден астам науа қойылған. Күзде орманшылар 460 тонна пішен жинап, қайының жапырағынан сыпыртқы буады. Одан бөлек минерал қоспа болатын қиыршық тұз да әзірлейміз. Жабайы жануарлардың ішінде әсересе қабан мен елік, сондай-ақ ұлттық паркке сырттан әкелінген аскания бұғылары қосымша қоректі көбірек қажет етеді. Бұл өлкемен салыстырғанда ауа райы жұмсақ жақтан келген бұғылар үшін арқаның қатал қысында өз бетінше жайылу оңайға түспейді», - деп жалғастырды кейіпкеріміз.
Орманды өрттен сақтау, қоқыстан тазарту, аң-құстардың санағын жүргізіп, екі аяқты жаулардан және табиғи апаттардан қорғау, ағаштардың санитарлық жағдайын тексеру, көшет отырғызу сияқты кезектесіп келіп отыратын қат-қабат жұмыстар - орманшылардың күнделікті тірлігі.
Курорттық аймақ құрылғаннан бері бұл жер көп өзгерістерге ұшырапты.
Алғашында Бурабай адамдар дем алуға келетін жай ғана қарапайым орын болған.
Уақыт өте келе ол емдік қасиетімен бірге ойын-сауық орталығы ретінде туристердің, өзге де адамдардың қызығушылығын туғыза бастады.
«Бүгінгі күннің басты міндеті - сауықтыру орындарын тек сыртынан бақылау емес, Бурабайдың табиғатын адам қолымен жасалатын келеңсіз әрекеттерден сақтау, ара-жігін анықтау. Жыл сайын ұлғайып келе жатқан туристер ағыны мен нәзік табиғаттың сақталуы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысып жатырмыз», - деп түйіндеді кейіпкеріміз.
Талай мәрте туған жердің орманын тілсіз жаудан, ара мен балтаның жүзінен, аң-құсын браконерлердің мылтығынан сақтап келген Александр Макаренконың бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ.
Бүгінгі күні оның омырауындағы бірнеше медальдар және төсбелгілер соның айғағы іспеттес.
Орманды күзету мен қорғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау мен молықтыруды қамтамасыз ету саласындағы көпжылғы және адал еңбегі үшін 2-ші және 3-ші дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, сондай-ақ, «Бурабай» ұлттық паркі директорының құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Кейіпкеріміз алдағы уақытта да табиғатты аялау, оның байлығын көздің қарашығындай қорғау бағытында тынымсыз еңбек ете беретіні сөзсіз.
Қазинформ баспасөз қызметі