Балықтар мен басқа да су жәндіктерінің биоалуандығын сақтау үшін уылдырық шашу кезеңінде «Бурабай» МҰТП су ресурстары кіретін Есіл бассейнінің өзен-көлдерінен балық аулауға тыйым салынды.
Балықтар мен жәндіктердің түріне қарай тыйым салынған мерзім де әртүрлі. Атап айтқанда:
шортан, аққайран және көксерке аулауға - 15 сәуірден 15 мамырға дейін;
сазанға (тұқы) - 20 мамырдан 20 маусымға дейін;
гаммарусқа – 1 тамыздан 14 қыркүйекке дейін;
Артемия цистіне - 1 наурыздан 15 маусымға дейін;
өзен шаяндарын аулауға - 1 маусымнан 15 шілдеге дейін рұқсат жоқ.
Есіл, Нұра, Сілеті өзендері мен олардың барлық салаларында, суқоймаларда Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары аумағында балық аулауға 20 сәуірден 20 мамырға дейін тыйым салынып отыр.
Бұл ережені сақтамағандарға Әкімшілік кодекстің 383-бабы (Балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) бойынша 10-100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 335-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын заңсыз өндіру) тартылып, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да ықтимал.
Балықшыларды тыйым салынған уақытта өздерінің сүйікті әдетін қоя тұрып, өзен-көлдердің тіршілігін қорғауға шақырамыз.