Өңірде орман аумағын кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Қотыркөл, Золотобор орман шаруашылықтарында жарты миллионнан астам қарағай мен қайың көшеті отырғызылуға тиіс.
Биіктігі жиырма сантиметрдей болатын көшеттерді орманшылар өз қолымен терген тұқымдардан өсірген. Ұлттық саябақтың тәлімбағында оларды өсіруге екі жыл уақыт кетті.
– Биыл жаңадан ағаш егілген алқап 65 гектарға жетуге тиіс. Бұл жер алдымен арнайы соқамен жыртылып, артынша үстінен Колесов қылышы өтеді, содан кейін көшет егілетін шағын шұңқыр жасалады. Көшет қолмен отырғызылып, топырағы тығыздалады. Олардың жерсініп, өсіп кету көрсеткіші шамамен 70 пайызға тең, – дейді Бурабай МҰТП орман өсіру жөніндегі инженері Әлия Абдрахманова.
Оның айтуынша, көктемгі орман шаруашылығы жұмыстарына 70-тен астам адам тартылып отыр. Ұлттық парктің әр қызметкері күніне орта есеппен 600 түп көшет отырғызады. Жарты миллионнан астам көшет тиісті мерзімінде егіліп бітуге тиіс.
– Алдағы уақытта орман шаруашылығы қызметкерлері суару, арамшөптен тазалау, түптеу сияқты күтіп-баптау жұмыстарын жүргізеді.
Бұл жерде жұмыскерлердің құлшынысы мен шыдамдылығын атап өткім келеді. Өйткені жұмыс ауыр, бірнеше күн қатарынан бел жазбай еңбек етуге тура келеді, оған әркім шыдай бермейді, – дейді Золотобор орман шаруашылығының орманшысы Берік Садуақасов.
Оның айтуынша, орманшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі бірден байқалмайды, оны біраз жыл сабырмен күту керек. Жаңа егілген көшеттердің биіктігі 15-20 см шамасында, қалың шөптің арасынан әрең көрінеді. 80-90 см-ге жетуі үшін 6-7 жыл қажет. Тек ондаған жылдан кейін ғана биік ағашқа айналып, төңіректе қалың орман пайда болады.