Пикникке арналған 10 жаңа арнайы жабдықталған орын туристік маусымның басында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік инфрақұрылымын толықтырды.
Олар Кіші Шабақты, Үлкен Шабақты және Қатаркөл көлдерінің жағасында туристердің табиғи демалу орындарында ұйымдастырылған. Пикник алаңдары қауіпсіз от жағуға арналған барбекюмен, урнамен, орындықтары бар ағаш үстелмен жабдықталған.
«Ұлттық парк аумағында демалысты ретке келтіру үшін өткен жылы біз 35 пикник аймағын жабдықтадық. Олардың 26 – сында қауіпсіз от жағуға және кәуап секілді тағам пісіруге арналған аймақтар бар, ал 9 орын барбекю үшін жабдықталмаған.
Биыл біз тағы он орын қостық: Қатаркөл ауылының маңында көлге қарайтын екі пикник аймағы, Кіші Шабақты көлінің жағасында 3 және Үлкен Шабақты көлінің жағасында 5 аймақ салынуда. Бұл адамдар кез келген жерде от жағып, қоқыс тастамауы үшін жасалады", - деді «Бурабай» МҰТП директоры Сергей Быков.
Барлық пикник алаңдары демалушыларға тегін қол жетімді. Демалыс орындарының жанында 500 орындық көлік тұрағына арналған 7 алаң бөлінген.
«Көбінесе демалушылар көліктерді тікелей орманға кіргізеді немесе көлікті жол жиегіне тастап кетеді. Біз орман алқабына жүктемені азайтқымыз келеді, сондықтан көлдердің бойында, туристер жақсы көретін «жабайы» демалыс орындарында инфрақұрылым құрып, абаттандырамыз", – деді ұлттық парк басшысы.
Жаңа демалыс орындарында гигиена және өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау қажеттілігі туралы нұсқаулар орналастырылған:
- ұлттық парк аумағында от жағуға арнайы бөлінген орындарда ғана рұқсат етіледі;
- демалыс аяқталғаннан кейін барбекю аймағындағы отты сумен сөндіріп, жанып тұрған отын қалдықтарының қалмауын қадағалау керек;
- демалыс алаңын қоқыстардан тазартып, қалдықтарды урнаға тастау қажет.