ҚР География және су қауіпсіздігі институтының геотуризм және геоморфология зертханасының бір топ зерттеушілері «Бурабай» МҰТП экожүйесін қалпына келтіру және сақтау» жобасы аясында далалық зерттеу жүргізіп жатыр.
Олар Ұлттық парктегі 14 туристік маршрут, 7 көл мен 5 орман шаруашылығында рекреациялық ахуалға мониторинг жасап, соның нәтижесінде бірегей табиғат объектілерін сақтауға қатысты тиісті ұсыным беруге тиіс.
«Жыл өткен сайын курорттық аймақты экологиялық дамыту, «Бурабай» ұлттық паркінің табиғатына теріс әсерді азайту мәселелерінің өзектілігі артық барады. Осыған орай, биыл толыққанды ғылыми зерттеу жүргізу үшін ғалымдарды шақырдық. Орман қоры, жануарлар әлемі, көлдердің жай-күйі, сондай-ақ туристердің жергілікті экожүйеге әсері жан-жақты зерттеліп жатыр», - дейді «Бурабай» МҰТП директоры Сергей Быков.
Институт мамандары биыл туристік маусым басталмай тұрып бірінші мониторингті жүргізген болатын. Енді ең жоғары рекреациялық жүктеме кезеңінде және туристік маусымның соңында тағы екі мәрте мониторинг жасауды жоспарлап отыр.
Көлдердің жай-күйін зерттеу сапасы мен жеделдігін арттыру үшін Ұлттық паркте су құрамын талдайтын арнайы құрылғы қолданылатынын атап өткен жөн (суретте). Сенсорлық шағын зертханада ең маңызды деген 12 түрлі өлшем бойынша су құрамына мониторинг жасалады. Сараптама нәтижелерін заманауи құрылғы Ұлттық парктің ғылыми қызметкерлеріне өз бетінше жолдайды.
«Климаттың өзгеруіне және антропогендік жүктеменің жоғарылауына байланысты дәл бақылау өте маңызды. Мұндай инновациялар ұлттық парк экожүйесін неғұрлым тиімді тиімді жолмен сақтауға және орнықты дамытуға көмектеседі», - деп түсіндірді «Бурабай» МҰТП Ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері Евгений Архипов.