Су айдындарын қорғап, ихтиофаунаны сақтау үшін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің дирекциясы қосымша шаралар қабылдауда. Smart National Park Burabay ақылды технологияларын дамыту аясында ұлттық парк көлдерінің жағасында бейнебақылау жүйелері орнатыла бастады.
«Электронды көз-жанардың» қырағы назарына алдымен балықшылар жиі баратын Жөкей көліне түсті. Мұнда заңсыз балық аулау фактілері жиі тіркеледі.
Биыл Ұлттық парк аумағындағы көлдерде балық ресурстарына заңсыз қол сұққан жеті фактінің төртеуі дәл осы көлде болғанын айта кетейік. Құрыққа ілінен құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды, браконьерлердің іс-әрекетінен келген жалпы шығын 2,5 миллион теңгені құрады.
СМАРТ-жүйе су айдынындағы жағдайды оңтайлы бақылауға және заңсыз әрекеттердің жолын кесуге мүмкіндік береді. Оптикалық камералар нақты уақыт режимінде көл акваториясы мен жағалау аймағын үздіксіз бақылайды.
«Біз көлдерде заманауи бейнебақылау технологияларын енгізу ихтиофаунаны сақтауды қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар жартастарды бүлдіретіндерге, қоқыс тастайтындарға да тосқауыл қоюды көздеп отырмыз. Келесі жылы Шортан көлінің кезегі келеді. Бірте-бірте Smart National Park Burabay ақылды технологиялары саябақтағы алты ірі көлдің барлығын бақылауға алады», - деді «Бурабай» МҰТП директоры Сергей Быков.
Камералар орналасқан мұнаралар жел генераторын, күн панелін және дизель генераторын қоса алғанда, дербес қуат көздерімен жабдықталған болады, сол арқылы үздіксіз жұмыс істейді.
Жөкей көліндегі бейнебақылау жүйесі күздің соңына дейін пайдалануға беріледі.