1 желтоқсаннан бастап «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өсіп келе жатқан қылқан жапырақты жас талдарды күзетудің күшейтілген тәртібі енгізіледі. Жаңа жыл қарсаңында шырша мен қарағайларды браконьерлердің кесіп әкетуіне жол бермеу үшін орман инспекторларының барлық жеке құрамы жұмысқа шығады.
Қыстың түсісімен Ұлттық парк инспекторлары қорғалатын жабайы жануарларға азық салуды бастайды. «Бурабай» МҰТП Мирный орманшылығының орман шебері Аида Жарқымбекова осы биотехникалық іс-шаралардың не үшін және қалай өткізілетінін айтып берді.
- Қыс мезгілінде, әсіресе қар қалың түсіп, аяз бен боран күшейген жабайы жануарларға өз бетінше табиғи қорек көздерін табу қиынға соғады. Сол кезде біздің міндетіміз - оларды азықпен қамтамасыз етіп, аман қалуына көмектесу.
Сол үшін жазда орманшылықтардың барлық инспекторлары қайың бұтақтарынан сыпырғышқа ұқсатып бума жасайды, жем-шөп дайындау жұмысын атқарады. Биыл 147 мың қайың бумасын жасап, кептіріп қойдық. 451 тонна шөп орылды. Бұдан бөлек 20 тонна жемдік тұз сатып алынды. Сондай-ақ, жазда ескі астаулар жөнделіп, жаңалары жасалды.
Қыс айларында, сеніп тапсырылған аумақты аралаған әрр инспектор жем-шөп науаларының жай-күйін үнемі тексеріп, қажетінше шөп, тұз салып отырады. Осылайша біз жабайы жануарлардың өмір сүруіне, көбеюіне жағдай жасаймыз.
- Ұлттық парк аумағында мұндай жем-шөп салатын науалар көп пе?
- Осы қысқа арналған 125 науа бар. Әрқайсының жанында шөптер мен сыпырғыштарды сақтауға арналған орындар жасалған.
- Ұлттық парк инспекторлары қыста тағы қандай жұмыс атқарады?
- Қыста тұқымдыққа қарағай бүршіктерін жинаймыз. Көктемде бұл тұқым Орман тәлімбағына егіліп, кішкентай бүршіктен нәзік сабағы өсіп шығады. Екі жыл бойы көшеттерді тәлімбақ қызметкерлері мұқият баптайды. Содан кейін оларды арнайы дайындалған жерлерге отырғызып, жаңа қылқанжапырақты орманның көз алдымызда бой көтергенін бақылап отырамыз. Осылайша ормандарды қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, қыста орманды санитарлық тазарту, ескі немесе ауру ағаштарды кесу, кесілген ағаш қалдықтарын жағу жұмысы жүреді. Кесілген материалдан біз жабайы жануарлар суықтан және желден паналайтын орын жасаймыз. Айтпақшы, биыл қабандарға арналған жаңа «баспаналар» жабдықталған, бұл олардың суық қыста аман қалу мүмкіндігін едәуір арттырады.
Қыс маусымында жануарларды есепке алу және қорғау, Ұлттық парктің су айдындарын аэрациялау, браконьерлердің жолын кесу сынды жұмыстар толастамайды.
Ұлттық паркте инспектор болып жұмыс істеу мен үшін өте қызық, бірақ бұл оңай емес. Табиғатты жақсы көретіндерге және көп жұмыс істеуге дайын адамдарға арналған жұмыс қой, іс жүзінде бізде демалыс болмайды.