
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз «Бурабай» МҰТП Орман көшетжайының орманды қалпына келтіру инженері Бекзат Орынбайқызы Габченкомен әңгімелестік. Оның мамандығы — сөздің тура мағынасында болашақты жасайтын кәсіп. Оның қолымен өсірілген әрбір көшет жылдар өте келе тірі орманның бір бөлігіне айналып, құстар мен жануарларға панажай, адамдарға таза ауа сыйлайды. Өрттен кейін табиғатты қалай қалпына келтіруге болатыны, орманның адам жүрегін қалай сезетіні және балаларға туған жерге деген сүйіспеншілікті қалай дарытуға болатыны туралы біздің сұхбатымызда.
– Орманды қалпына келтіру мамандығына қалай келдіңіз?
– Мұның бәрі бала кезден басталды. Мен орманның жанында өстім, табиғатта көп уақыт өткіздім, ата-анаммен бірге орманға барып, саңырауқұлақ теріп, құстарды бақыладым. Біртіндеп табиғатқа деген сүйіспеншілігім оны қорғауға деген саналы тілекке айналды. Мектептен кейін техникумға, содан соң экология мамандығы бойынша университетке түстім. Сол кезден бері өзімді басқа салада елестете алмаймын.
– Питомниктегі жұмысыңыздың ең маңызды және жауапты бөлігі қандай?
– Ең басты міндет – мықты әрі сау көшет өсіру. Болашақ орманның тағдыры олардың сапасына байланысты. Өсімдіктерді дұрыс күтіп-баптау, дер кезінде суару, зиянкестерден қорғау өте маңызды. Бұл үлкен ұқыптылықты, назарды және өз ісіңе деген сүйіспеншілікті талап етеді.
– Жұмысыңызда қандай қиындықтар жиі кездеседі?
– Табиғаттың мінезі құбылмалы. Кейде бәрі жоспармен жүріп жатқанда, кенеттен аяз немесе қуаңшылық, қатты нөсер кейбір көшеттерді жойып жібереді. Сонымен қатар, кейде қарапайым жұмыс күші де жетіспейді. Бірақ соған қарамастан, біз жұмысымызды жалғастырамыз — орман күтуді күтпейді.
– Өзіңіз үшін ең маңызды нәтиже деп нені айтар едіңіз?
– 15 жыл бұрын үлкен өрт болып, орманды қайта қалпына келтіруге бірнеше жыл жұмсадық. Жұмыс ауыр болды, бірақ біраз уақыттан кейін ол жерде қайтадан ағаштар өсіп, құстар мен аңдар оралды. Жақында сол жерге барып қайттым — жүрегім қуанышқа толды. Міне, біздің мамандығымыздың мәні осы.
– Бұл жұмыстан не шабыт аласыз?
– Сен тірі әрі ұзақ өмір сүретін нәрсе жасайтыныңды сезіну. Орман баяу өседі, бірақ ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы өмір сүреді. Көшеттердің жас ағаштарға айналғанын көру — өз еңбегіңнің нәтижесін көрумен тең.
– Шаршаған немесе күмәнданған сәттер бола ма?
– Әрине, кез келген мамандықта ондай сәттер болады. Әсіресе ауа райы қолайсыз болғанда немесе күшің таусылғанда. Бірақ әріптестер мен отбасының қолдауы көмектеседі. Ал ең басты демеу — табиғаттың өзі. Орманға кіріп, таза ауаны жұтып, тыныштықты тыңдасаң — күш қайта оралады.
– Орманды қалпына келтіру саласында қандай қасиеттер маңызды?
– Сабырлылық, байқағыштық, еңбекқорлық және, әрине, табиғатты шынайы сүю. Осы қасиеттерсіз бұл салада ұзақ жұмыс істеу қиын — орман сенің жүрегіңді сезеді.
– Сіздің сүйікті ағашыңыз бар ма?
– Иә, кәдімгі қарағай. Ол маған беріктік пен төзімділікті еске салады. Қатты аязға, қуаңшылыққа төтеп береді, кедей топырақта да өседі. Қарағай орманының иісі — менің бала күнімнің иісі.
– Өзіңіз туралы аздап айтып өтсеңіз.
– Маған 39 жас. Тұрмыстамын, екі керемет баламыз бар. Біз отбасымызбен жиі табиғатқа шығамыз, балаларымызды орманды аялауға, қоқыс тастамауға, сындырмауға, шуламауға үйретеміз. Табиғат — біздің үйіміз, ал үйде өзіңді құрметпен ұстау керек.
Орман — тірі ағза. Ол бір жылда өспейді. Өмір сүруі үшін оны қорғау, қалпына келтіру және күтіп-баптау қажет. Осы үлкен істің бір бөлігі болу — мен үшін үлкен мәртебе.
«Бурабай» МҰТП орман көшетжайы жыл сайын ұлттық парк аумағындағы орман алқаптарын қалпына келтіру үшін мыңдаған көшет өсіреді. Орманды қалпына келтіру инженерлерінің еңбегі — бірден байқалмайтын, бірақ дәл осындай мамандардың арқасында Бурабайдың ормандары өмір сүруін жалғастырып, болашақ ұрпаққа қуаныш сыйлайды.