Басты бетБурабай биіктіктен: табиғатты сақтаудың құралы ретінде қарау алаңдары

Бурабай биіктіктен: табиғатты сақтаудың құралы ретінде қарау алаңдары

Бурабай биіктіктен: табиғатты сақтаудың құралы ретінде қарау алаңдары Бурабай биіктіктен: табиғатты сақтаудың құралы ретінде қарау алаңдары

Биыл «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жайлылықты, қауіпсіздікті және экологиялық ұстанымды ұштастырған ірі туристік инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылды. Парк аумағында 7 көрініс алаңы жабдықталды. Әрбір локация табиғи ландшафтпен үйлесім тауып, туристерге жаңа панорамалық көріністер ұсынады және экожүйеге түсетін рекреациялық жүктемені азайтуға бағытталған.

Жыл сайын Бурабайды тамашалауға елімізден және шетелден миллионнан астам турист келеді. Мұндай үлкен ағым туристік инфрақұрылымды жетілдіре түсуді жүктейді. Зерттеулер көрсеткендей, келушілердің көптігі табиғи кешендерге айтарлықтай әсер етеді — топырақ қабаты тапталып, өсімдіктер мен жағалау аймақтары зардап шегеді. Осыған байланысты «Бурабай» МҰТП аумағында туристік ағымдарды бөлу шаралары енгізіліп, экотуризм бағыты дамытылуда.

Жобаның басты мақсаты — адамның табиғат тепе-теңдігін бұзбай, Бурабай сұлулығын тамашалауына мүмкіндік беретін жайлы әрі ұқыпты демалыс форматын қамтамасыз ету. Орнатылған жаңа көрініс алаңдары, баспалдақтар мен демалыс аймақтары өсімдіктердің тапталмауы мен топырақ жамылғысының бүлінбеуін қамтамасыз етеді.

Әрбір алаңның өзіндік ерекшелігі бар және сұлу табиғатты жаңа қырынан тамашалауға мүмкіндік береді:

          •         «Биші қайыңдар» саябағы – КПП-2 маңында орналасқан отбасылық демалысқа арналған ойын аймақтары, әткеншектер мен спорттық құрылғылары бар жайлы кеңістік.

          •         «Аютас» жартастағы көрініс алаңы – шолу террасасы, баспалдақ, «Құмай тазы» мүсіні, ақпараттық тақталар және таулы көріністі тамашалауға арналған дүрбімен жабдықталған.

          •         «Кебістас» (Туфелька) жартастағы алаң – ошақ орны және әйел бейнесіндегі мүсіні бар терраса. Бұл жерден көл жағалауы мен қарағайлы орманның көрінісі ашылады.

          •         «Бөлектау» тауының көрініс алаңы – қанатын кең жайған бүркіт бейнелі арт-объект орнатылған орталық нүкте. Мұнда баспалдақтар, әткеншектер, ақпараттық тақталар мен дүрбілер бар.

          •         «Махаббат алаңы» – романтикалық атмосферадағы, жұмсақ ландшафтық дизайны бар фотосессияға және демалуға қолайлы орын.

          •         «Мойнақ жартасы» – белсенді демалыс аймағы.

          •         «Максимка» жартастағы көрініс алаңы – көпірлермен жалғанған үш көрініс платформасы бар кеңістік. Бұл жерде мүсіндер, дүрбілер және пикникке арналған орындар орналасқан.

          •         «Иманай бұлағы» – баспалдақтары, қоқыс жәшіктері, орындықтары және дүрбісі бар ықшам алаң.

          •         «Күйген мүйіс» – киіз үй пішіндес алаң, арт-объектілер мен ерекше беседкалармен безендірілген, бұл жерден таулар үстінен күннің батуы керемет көрінеді.

Эстетикалық және рекреациялық құндылығымен қатар, көрініс алаңдары маңызды ақпараттандыру рөлін атқарады. Әрбір нысанда флора, фауна және ерекше қорғалатын табиғи аумақта жүріп тұру ережелері туралы ақпараттық тақталар орнатылған. Бұл туристердің қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын және экологиялық мәдениетті қалыптастыруын қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдары парктың танымал аймақтарына келушілер саны артқанына қарамастан, қорғалатын аумақтағы тәртіп бұзушылық жағдайлары азайған. Көрініс алаңдары жобасы – табиғат пен туризмнің үйлесімді дамуының жарқын үлгісі. Табиғи ландшафттарды сақтай отырып, «Бурабай» МҰТП оларды қолжетімді әрі қауіпсіз етеді. Осылайша мыңдаған адам «Қазақстанның інжу-маржанын» биіктен тамашалап, оның сұлулығын болашақ ұрпаққа аман жеткізуге атсалыса алады.