«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері туристік бағыттар мен көл жағалауларында тазалықты сақтау бойынша жүйелі жұмысын жалғастырып келеді. Биылғы жылдың он айында мемлекеттік инспекторлар үш мың текше метрден астам қоқыс жинады. Бұл көлем 40 жүк пойызы вагонына немесе 300 тұрмыстық қалдық таситын жүк көлігіне тең. Егер осы көліктерді бір қатарға тізсек, үш шақырымнан асатын колонна пайда болар еді.
Мұндай көлем тек туристер ағынының артып келе жатқанын ғана емес, сонымен бірге экология мәселелеріне үнемі назар аударудың маңыздылығын көрсетеді.
Әр бейсенбі сайын ұлттық парк қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікке шығып, кей кездері еріктілер, мектеп оқушылары мен студенттер де атсалысады.
2025 жыл бойы парк аумағында көптеген экологиялық акциялар мен сенбіліктер өткізілді. Бұл бір реттік шаралар емес, ерекше табиғи аумақтың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға бағытталған тұрақты әрі еңбекті қажет ететін жұмыс.
Мысалы, жуырда ғана Көгілдір шығанақта, Бөлектау тауы, Бурабай көлінің маңы және Байтас пен Махаббат аңғарына баратын жол бойында сенбіліктер ұйымдастырылды.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі барлық келушілерге үндеу жасайды: табиғатты аялаңыздар, демалыстан кейін қоқысты тастамай, Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Бурабайдың тазалығын келер ұрпаққа сақтауға үлес қосыңыздар.