«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде қарағай бүрін жинау маусымы басталды. Бұл – орманды қалпына келтіру үдерісінің алғашқы және ең маңызды кезеңі. Дәл осы табиғи шағын бүрлерден жаңа орманның өмірі бастау алады.
«Біздің ұлттық паркіміз емдік ауасымен танымал қарағайлы ормандарға бай. Алайда әрбір ағаштың артында орман мамандарының ерен еңбегі жатыр. Орманның өміршеңдігін, саулығын және тұрақтылығын сақтау үшін жыл сайын питомникте өсірілген екі жылдық көшеттер отырғызылады», – дейді «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары, бас орманшы Бауыржан Махметов.
Алайда жаңа көшеттерді отырғызу үшін алдымен сапалы тұқым алу қажет. Ол үшін қарағай бүрлері жиналады. Биылғы жылы бүр жинау жоспары 5 тонна болып белгіленген. Бұл көлемнен шамамен 50 келі таңдаулы тұқым алынып, көктемде жаңа қарағайлар өсіріледі.
Бүр жинау қараша мен наурыз айлары аралығында тұрақты тұқымдық база аумақтарында жүргізіледі. «Биыл қажетті көлемді біз қаңтар айында-ақ жинап үлгердік», – дейді орманды қалпына келтіру инженері Алия Абдрахманова.
Жаппай жинауға кіріспес бұрын мамандар тұқым үлгілерін Республикалық орман селекциясы және тұқым шаруашылығы орталығына жіберіп, олардың себу сапасын анықтайды. Зертханадан оң қорытынды алынған соң ғана орман инспекторлары бүр жинауға рұқсат алады.
Одан кейін ең күрделі әрі жауапты кезең – бүрді өңдеу басталады. Арнайы шишкекептіргіш цехта бүрлер бұтақтар мен инелерден тазартылады, содан кейін 20–30 °С температурада, кейін 55 °С-та кептіріледі. Жылудың әсерінен бүрлер ашылып, ішіндегі тұқымдар алынады. Тұқымдар одан әрі тазаланып, қабыршақтарынан ажыратылып, сұрыпталып, қажетті ылғалдылық деңгейіне дейін кептіріледі.
«Бұл тұқымдарды біз питомникте сақтаймыз. Мұнда олар өніп, екі жыл бойы күтім жасалады. Содан кейін тұрақты жерлерге көшіріледі. Алдағы он жылда жас көшеттерге тұрақты бақылау жүргізіледі – аурулар мен өрт қаупінен қорғау үшін», – дейді Жалайыр орманшылығының орманшысы Сайран Нургожин.
2025 жылы орманды қалпына келтіру бағдарламасы аясында ұлттық парк аумағында 40 гектар жерге 320 мың дана қарағай көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар Ақылбай, Бурабай, Золотобор және Приозерное орманшылықтары аумағында жүргізілді.
Орманшылардың айтуынша, орманды жаңарту – ондаған жылдарға созылатын еңбек. Жас орманның толық қалыптасып, нағыз қалың борға айналуы үшін 30–50 жыл қажет. Сондықтан әрбір жиналған бүр – өңірдің экологиялық тұрақтылығына және болашағына салынған инвестиция.
«Әрбір жаңа ағаш – көптеген адамдардың еңбегінің нәтижесі. Біз орманды күтіп-баптаймыз, қорғаймыз. Ал демалушылардан табиғатқа ұқыпты қарауды сұраймыз – бұтақ сындырмау, қоқыс тастамау, рұқсат етілмеген жерде от жақпау», – дейді «Бурабай» МҰТП орман тәлімбағының орманды қалпына келтіру инженері Бекзат Габченко.
Осылайша, «Бурабай» ұлттық паркінде тек жаңа орман ғана емес, табиғатқа деген жаңа мәдениет те қалыптасып келеді – бұл табиғатты құрметтеу, жауапкершілік және түсіністік мәдениеті. Себебі орман – тірі ағза, ал оны сақтау бір ғана кішкентай бүрден басталады.