Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көп жағдайда көзге көріне бермейтін, бірақ табиғатты сақтауда шешуші рөл атқаратын адамдардың еңбегіне ерекше назар аударылуда. Мемлекеттік ұлттық табиғи парк «Бурабайда» осындай маңызды мамандардың бірі – ветеринар Михаил Ионов. Оның жұмыс күні негізінен марал шаруашылығында өтеді. Қазіргі таңда оның тұрақты бақылауында 221 бас теңбіл бұғы бар.
Әр күн жануарларды қараудан басталады. Маралдардың қалай қоректеніп жүргені, тәбеті бар ма, ауру белгілері байқала ма, төлдердің белсенділігі қандай – бәрі де назардан тыс қалмайды. Қазіргі кезде шаруашылықта табынды маусымдық бөлу кезеңі жүріп жатыр: мүйізді аталықтар, аналықтар және төлдер бөлек ұсталады. Мұндай жағдайда азық рационына ерекше көңіл бөлінеді. Ветеринар барлық топтың қажетті дәрумендерді толық алуын қадағалайды, ал төлдерге қосымша сүт беріледі. Айта кету керек, әрбір теңбіл бұғы чиптелген. Маралдар жыл бойы тұрақты бақылауда болады.
Алайда Михаил Ионовтың жауапкершілік аймағы мұнымен шектелмейді. Ол сондай-ақ ұлттық парк аумағындағы жабайы жануарлардың да денсаулығын бақылап, эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге жауапты.
Жуырда парк аумағында жабайы жануарларға жоспарлы дегельминтизация, яғни паразиттерге қарсы профилактикалық шара жүргізілді. Бұл не үшін қажет? Паразиттер елік пен бұғының ағзасын біртіндеп, бірақ жүйелі түрде әлсіретеді: арықтауға, қан аздыққа, иммунитеттің төмендеуіне, жас төлдердің өсуінің баяулауына және әлсіреген жануарлардың қырылуына әкеледі. Жануар сырт көзге белсенді көрінуі мүмкін, бірақ қысқа, көші-қонға және маусымдық жүктемелерге төтеп беру қабілетін жоғалта бастайды. Табиғи ортада жұқтырған жануарлар бүкіл табынға ауру таратушы көзіне айналады. Паразиттер азық алаңдары, су, топырақ және жануарлар арасындағы байланыс арқылы таралады. Ал профилактика жүргізілмесе, әсіресе жануарлар бір аумаққа шоғырланатын қыс мезгілінде індет ошағы тез бақылаудан шығып кетеді. Дегельминтизация популяция санына тікелей әсер етеді: паразиттік жүктеменің жоғары болуы төлдердің тіршілікке бейімділігін төмендетеді, ересек жануарлардың көбею қабілетін әлсіретеді, қырылуды арттырады. Бұл табиғи тепе-теңдікті бұзады. Сондықтан бұл процедура нақты бекітілген схема бойынша жүргізіледі: дәрілік препараттар жемге араластырылады. Бұл алдын алу шарасы тек тұяқты жануарларға ғана емес, жыртқыштарға да қатысты. Тіпті жыртқыштарға да күйзеліссіз қабылдауы үшін ет дәмі бар арнайы таблеткалар беріледі.
Жаз мезгілінде ветеринардың жұмысы одан әрі көбейеді. Маралдардан пант кесу үрдісі қатаң бекітілген кесте мен ауа райы жағдайына байланысты жүргізіледі. Сонымен қатар қыстық азық қоры – шөп, бұтақтан жасалған байламдар дайындалады. Бұл – тек егерлер мен орманшылармен бірге атқарылатын қол еңбегі ғана емес, сонымен қатар ауқымды ұйымдастырушылық жұмыс.
Тағы бір маңызды бағыт – барлық орманшылықтардағы азық алаңдарын тұрақты тексеру. Михаил Ионов азықтың сапасын, сақтау жағдайын тексеріп, жарамдылығын бағалайды, кейін тиісті актілер жасайды. Бұл құжаттар жануарлар әлемінің жағдайын бақылау жүйесінің маңызды бөлігі саналады.
«Ұлттық парктегі ветеринардың жұмысы – тек кабинеттегі қызмет емес. Бұл – күнделікті далаға шығу, үздіксіз бақылау, жүздеген жануар үшін жауапкершілік және кез келген уақытта әрекет етуге дайын болу. Мұнда формалды түрде жұмыс істеуге болмайды: әрбір қателік жануардың денсаулығына зиян келтіріп, табиғи тепе-теңдікті бұзуы мүмкін», – дейді кейіпкеріміз.
Сонымен қатар Михаилдың қағазбастылық жұмысы да аз емес. Дәрі-дәрмек сатып алу үшін экономистермен бірге бюджет жоспарлау қажет: құрғақ сүт, дәрумендер, шприцтер, минералды қоспалар, антигельминттік препараттар мен дезинфекция құралдарын алдын ала қарастыру керек. Бұған қоса, атқарылған барлық жұмыс ай сайынғы толық есепке енгізіледі. Ал теңбіл бұғыларға, жұмыс аттарына қатысты күнделікті журналды толтыру – тұрақты міндет.
Михаил ауылшаруашылық колледжін тәмамдап, жоғары білім алған. Ал «Бурабайда» МҰТП 2020 жылдан бері жұмыс істейді.
«Мен өз жұмысымды шынымен жақсы көремін, ол мен үшін қызықты. Бірде облыстық ветеринария байқауында бірінші орын алдым. Республикалық байқауда 15 қатысушының ішінен төртінші орынға ие болдым», – деп еске алады ол.
Михаил Ионовтың өмір жолы – еңбек, білім мен жауапкершілік тоғысқан нағыз жұмысшы мамандықтың айқын үлгісі. Оның еңбегі – Бурабай фаунасын сақтауға, экожүйенің тұрақтылығына және жабайы табиғаттың болашағына қосылған нақты үлес.