Мәліметтер бір жағынан таңғалдырса, екінші жағынан алаңдатады: 1 қазан мен 9 желтоқсан аралығында ұлттық парк аумағынан 245 текше метр қоқыс шығарылған, ал жыл басынан бері бұл көрсеткіш 3010 текше метрге жеткен. Бұл – жүздеген жүк көлігіне пара-пар орасан көлемдегі қалдық.
Бұл сандар Бурабайдың тазалығы – инспекторлар, егерьлер мен еріктілердің күнделікті, тынымсыз әрі физикалық тұрғыдан ауыр еңбегінің нәтижесі екенін айқын көрсетеді.
Ұлттық парк аумағындағы «Таза Қазақстан» акциясы жекелеген сенбіліктермен ғана шектелмейді. Бұл – барлық орманшылықтардың жұмысына тұрақты түрде енгізілген үздіксіз үдеріс. Қызметкерлер көл жағалауларын, туристік соқпақтарды, автотұрақ аймақтарын, орман алқаптарын және демалушылар жаяу не көлікпен жететін қиын қолжетімді жерлерді жүйелі түрде тазалайды.
Жыл бойы инспекторлар тазалық жұмыстарына тұрақты түрде шығып, жаңа ластану ошақтарын анықтап, келушілер қалдырған қоқысты шығарады. Қоқыс көлемінің әсіресе жазғы маусымда – туристік ағын ең жоғары кезеңде – күрт артатыны анық байқалады. Әрбір қоқыс қапшығы рекреациялық жүктеменің экожүйеге қаншалықты ауыр әсер ететінінің нақты айғағы.
Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қарамастан, парк бір мәселеге баса назар аударады: келушілердің мінез-құлық мәдениеті өзгермейінше, ешбір акция бұл проблеманы түбегейлі шеше алмайды. Аумақтың экологиялық жағдайы тек мамандарға ғана емес, Бурабайға демалуға келген әрбір адамның жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Бурабайдың тазалығы күнделікті еңбекпен сақталып тұр. Ал оны сақтау тек ортақ күш-жігермен, ең қарапайым әрекеттен – өз қоқысыңды өзіңмен бірге алып кетуден басталады.