Кейбіреулер үшін орман – демалысқа арналған жасыл көрініс қана. Ал МҰТП «Бурабайда» әрбір көшет болашаққа салынған нақты инвестиция ретінде қарастырылады. Мұнда орман отырғызу – бір реттік акция емес, ондаған жылға бағытталған жүйелі жұмыс.
Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылы ұлттық парк аумағында 40 гектар жерде орман отырғызу жұмыстары жүргізілді. Топыраққа екі жылдық кәдімгі қарағайдың 320 мың көшеті егілді. Сонымен қатар, өткен жылдары отырғызылған орман алқаптарын толықтыру жұмыстары қатар атқарылды: 174 гектар аумақта қосымша 534,3 мың қарағай көшеті отырғызылып, бұрын толық тамыр жаймаған жерлер күшейтілді.
Бурабайдағы орманды қалпына келтіру жұмыстары тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізілуде. Мәселен, 2021–2024 жылдар аралығында 266 гектар аумақта орман отырғызылды, бұл жоспарланған 260 гектардан да жоғары көрсеткіш. Осы кезеңде 2 088,8 мың дана кәдімгі қарағай көшеті егілді, ал жоспар 2 080 мыңды құраған. Сонымен бірге, өткен жылдардағы орман екпелерін толықтыру 174,5 гектар аумақта жүргізіліп, бұл жоспардан шамамен үш есе көп. Аталған аумаққа 329,2 мың көшет отырғызылды, ал жоспар 128 мың болған.
Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Орманшылықтардың аумағы маңында 500 дана түрлі ағаш-бұта көшеттері отырғызылды. Олардың қатарында ұсақ жапырақты қарағаш, көк шырша, кизильник, кәдімгі шетен, сібір алмасы және шаған бар. Көшеттердің биіктігі 1-1,5 метрді құрайды, бұл олардың тез бейімделуіне және тұрақты жасыл орта қалыптастыруына мүмкіндік береді.
МҰТП «Бурабайда» атап өткендей, орманды қалпына келтіру – бір жылдық нәтиже үшін емес, өңірдің экологиялық тұрақтылығы үшін жасалатын ұзақ мерзімді жұмыс. Бүгін дұрыс отырғызылып, сақталған орман – ертеңгі микроклиматтың, өрт қауіпсіздігінің және Бурабайдың табиғи байлығын келер ұрпаққа жеткізудің кепілі.