Басты бетҰлттық парк инспекторларының қысқы қарбаласы: Бурабай күшейтілген қорғау режимінде

Ұлттық парк инспекторларының қысқы қарбаласы: Бурабай күшейтілген қорғау режимінде

Ұлттық парк инспекторларының қысқы қарбаласы: Бурабай күшейтілген қорғау режимінде Ұлттық парк инспекторларының қысқы қарбаласы: Бурабай күшейтілген қорғау режимінде Ұлттық парк инспекторларының қысқы қарбаласы: Бурабай күшейтілген қорғау режимінде Ұлттық парк инспекторларының қысқы қарбаласы: Бурабай күшейтілген қорғау режимінде

Бурабай ұлттық паркінде қыс – тыныштық маусымы емес. Инспекторлар мен орманшылар үшін дәл осы суық айлар ең жоғары жауапкершілік кезеңі болып саналады. Қардың астында көпшілік біле бермейтін, бірақ ормандардың сақталуын, жануарлардың қауіпсіздігін және бүкіл экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін ауқымды жұмыс жүріп жатады. Бұл туралы МҰТП «Бурабай» директорының орынбасары, бас орманшы Бауыржан Махметов баяндап берді.

Орман – тәулік бойы қорғауда

Қыс түсе салысымен қылқан жапырақты жас өскіндерді заңсыз кесу қаупі артады. 1 желтоқсаннан бастап инспекторлар күшейтілген кезекшілік режиміне көшеді, патрульдеу күндіз де, түнде де жүргізіледі. Тиісті бұйрық тек қана бақылауды күшейтуді емес, сонымен қатар халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де көздейді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қылқан жапырақты ағаштарға ұқыпты қараудың маңыздылығы және заңсыз кесу үшін жауапкершілік туралы ақпарат таратылады.

Бауыржан Махметовтің айтуынша, дәл қыс мезгілі – қырағылық ең жоғары болуы тиіс кезең:
«Көпшілік үшін шырша – мерекенің символы. Ал біз үшін ол – қорғауды қажет ететін тірі табиғаттың белгісі. Әрбір кесілген жас ағаш – орманға келтірілген зиян ғана емес, оны қалпына келтіруге кететін ондаған жылдардың жоғалуы».

Орманның санитарлық жағдайын жақсарту

Қыс мезгілінде ағаш кесінділерінің қалдықтарын ұсақтау және өртеу жұмыстары қатар жүргізіледі. Бұл құрғақ ағаштың жиналуын болдырмай, көктемгі орман өрттерінің қаупін азайтады.

Кесінді қалдықтары – ағаштардың табиғи құлауынан кейін орманда қалған бұтақтар, шыбықтар мен қабықтар. Бұл тұрмыстық қоқыс емес, бірақ көп жылдар бойы жиналса, тығыз құрғақ ағаш қабатын құрап, өрттің тез таралуына қолайлы ортаға айналады. Сондықтан оларды ұсақтау мен бақылаулы түрде өртеу – орман өрттерінің алдын алу шарасы. Ұсақтау қалдық көлемін азайтса, ал өртеу оны толық жояды. Сонымен қатар бұл орманды қалпына келтіруге дайындық болып табылады: қалдықтар тазартылғаннан кейін аумақ жас өскін отырғызуға немесе қарағайдың табиғи қалпына келуіне қолайлы болады.

Бұл жұмыстар қатаң түрде қыс мезгілінде немесе ерте көктемде, қар жамылғысы өрттің таралуына жол бермейтін кезде жүргізіледі. Процедура барлық ережелерге сай атқарылады: қауіпсіз орын таңдалады, минералданған жолақтар жасалады, бүкіл процесс барысында инспектор кезекшілік етеді, ал жұмыс соңында от толық сөндіріледі.
Бұл – көзге көп түсе бермейтін, бірақ орманшылардың ең маңызды қысқы жұмыстарының бірі. Нәтижесінде көктемгі өрт қаупі азайып, отырғызуға арналған аумақтар босайды, орманның санитарлық жағдайы жақсарады.

Бүр жинау және «болашақ орманның тууы»

Қыс – кейінгі орманды қалпына келтіруге арналған бүр жинаудың негізгі кезеңі. Бүрлер қараша мен наурыз айлары аралығында жиналады. Шишкокептіру цехына жеткізілгеннен кейін олар бірнеше кезеңнен өтеді: мұқият тазалау; +20…+30 °C температурада кептіру; бүрдің ашылуы үшін +55 °C-та қосымша кептіру; тұқымдарды алу, тазалау және сұрыптау.
Көктемде алынған тұқымдар арнайы питомниктерге егіліп, көшет өсіріледі, ал екі жасқа толған соң олар орман алқаптарына отырғызылады. Көшеттен нағыз қарағайлы орманға дейінгі толық қалпына келу циклі 30–50 жылға созылады.

Жабайы жануарларды есепке алу және көші-қонды бақылау

Қыс мезгілінде жануарлар дүниесіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Инспекторлар тұяқты жануарлардың қозғалысын тіркеп, із арқылы маршруттық есеп жүргізеді және қоректендіру алаңдарына қолжетімділікті бақылайды.

Алдын ала дайындалған шөп, бұтақты азық, тамыржемістер мен дәнді дақылдар бұлан, елік, қабан және басқа да жануарлар үшін маңызды қорек көзі болып табылады. Бұл жануарларға ең суық кезеңде күш сақтауға және қысты шығынсыз өткеруге көмектеседі. Қорлар үнемі толықтырылып отырады, бұл жануарлардың азық іздеп елді мекендерге шығу қаупін азайтады.

«Қысқы кезеңдегі жануарларды қолдау биологиялық алуан түрлілікті сақтаумен тікелей байланысты. МҰТП „Бурабай“ аумағында соңғы есеп бойынша 1472 асканиялық бұғы, 1429 сібір елігі, 696 қабан, 141 бұлан, сондай-ақ сирек кездесетін жыртқыштар – сілеусін (55) мен қасқыр (38) мекендейді. Сонымен қатар ақ қоян (1025), түлкі (368), тиін (341) және сусар тұқымдас жануарлардың бірнеше түрі тіркелген. Оларға қамқорлық жасау – табиғатты қорғау жүйесінің маңызды бөлігі», – дейді директордың орынбасары.

Оның айтуынша, 2025 жылы 450 тоннадан астам шөп, шамамен 19 тонна тұз, 108 тонна ағаш көгі, 250 тоннадан астам дәнді азық дайындалған. Сондай-ақ 137 мың дана жапырақты ағаш бұтақтарынан жасалған сыпыртқы жиналған. Бұтақты азық қарлы қыста елік пен бұғы үшін аса маңызды.
Сонымен қатар 26 жаңа астау жасалып, 50 астау жөнделген, жаңа тұздықтар жабдықталған. Табиғатта тұз көздері жеткіліксіз болғандықтан, тұяқты жануарлар минерал алу үшін арнайы тұздықтарға келеді. Тұз олардың денсаулығын сақтау, аталықтардың мүйізінің өсуі және аналықтардың төл көтеруі үшін қажет.

Алдағы уақытта көлдерде аэрация жұмыстары басталады – бұл балықтардың қырылуын болдырмау үшін суды оттегімен қанықтыруға бағытталған жыл сайынғы экологиялық шара.

Үлкендерге көмек

«Ормандағы жұмыс көлеміне қарамастан, парк қызметкерлері адамгершілік қырын да ұмытпайды. Инспекторлар сала ардагерлеріне, зейнеткерлерге қар тазалауға көмектеседі. Бұл – өмірін орманға арнаған жандарға деген құрметіміз», – деп қосты Бауыржан Махметов.

Қыс – тынығу емес, еңбек уақыты

Қыста ұлттық парк сырттай тынышталып қалғандай көрінуі мүмкін. Алайда осы тыныштықтың артында табиғатты сақтау үшін күн сайын орманға шығатын ондаған адамның қажырлы еңбегі тұр. Қыс – кәсібиліктің нағыз сынағы. Ал МҰТП «Бурабай» қызметкерлері бұл сынақтан жыл сайын абыроймен өтіп келеді: сенімді, жауапты және өз ісіне адал.