Бурабай жыл сайын туристерді барған сайын көбірек тартып келеді, сондықтан бүгінде ол танымалдық пен экологиялық осалдықтың шегінде тұр. Туристік ағынның рекордтық деңгейінен экологиялық тепе-теңдікке дейінгі жол, қандай шешімдер қабылданды, қандай шектеулер сөзсіз және 2026 жылы ұлттық парк табиғатты сақтай отырып, адамдар үшін ашық күйде қалай жұмыс істейді – осының бәрі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) директоры Сергей Васильевич Быковпен сұхбатта.
– Сергей Васильевич, 2025 жыл Бурабай үшін туристік ағын бойынша рекордтық жыл болды. Парк мұндай жүктемені қалай еңсерді?
– Иә, расында да, ұлттық паркке келушілер саны жыл сайын 10–15%-ға өсіп отыр. Бір жағынан бұл – туристік тартымдылықтың көрсеткіші, екінші жағынан – экожүйе үшін үлкен сын-қатер. Туристер санының рекордтық артуы қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесін ушықтырды. Бүгінгі басты міндетіміз – танымалдылықтың Бурабайдың табиғи негізін жойып жіберуіне жол бермеу. Сондықтан 2025 жылғы барлық іс-шаралар бақылауды күшейтуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және антропогендік жүктемені жүйелі басқаруды енгізуге бағытталды. Әрбір шешім ғылыми тәсілдерге сүйеніп, бұрын жүргізілген зерттеулер негізінде қабылданады.
– 2025 жылдың қандай нәтижелерін ерекше маңызды деп санайсыз?
– Біз бюджет пен жоспарлардың 100% орындалуын қамтамасыз еттік. Бөлінген қаражат ұлттық паркті дамытуға мүмкіндік берді. Бурабай орман шаруашылығы аумағында бір мезгілде рекреациялық жүктемені азайтатын әрі келушілерге мүлде жаңа локацияларды ашатын бақылау алаңдары салынды.
Сондай-ақ Буланды және Приозерное орманшылықтарының кордондарының құрылысы аяқталып, арнайы техника сатып алынды.
Цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға және технологиялық дайындық деңгейін арттыруға ықпал еткен маңызды қадам – негізгі Жедел басқару орталығын жаңғырту болды.
– Паркті басқаруда цифрландыру қандай рөл атқарады?
– Шешуші рөл атқарады. 2025 жылы Жедел басқару орталығын жаңартып, Щучье көлінде автоматтандырылған мониторинг станцияларын орнаттық. Соның арқасында көрсетілетін ақпарат көлемі артты, оның сапасы мен дәлдігі жақсарды, қауіпсіздік деңгейі едәуір өсті. Бұл әрекет ету уақытын қысқартып, құқық бұзушылықтарды анықтау көрсеткішін 15%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
2026 жылы парктің интерактивті цифрлық картасын іске қосамыз, бейнебақылау жүйесін кеңейтеміз және инфрақұрылым нысандарын автоматтандырылған басқаруды енгіземіз. Қазіргі таңда мұндай аумақты цифрлық шешімдерсіз басқару мүмкін емес.
– Экология мен қоқыс мәселесі – Бурабай үшін ең өзекті тақырыптардың бірі. Сандық көрсеткіштер не дейді?
– 2025 жылы курорт аумағынан шамамен 4 900 текше метр қоқыс шығарылды, оның 3 100 текше метрі «Бурабай» МҰТП күшімен атқарылды. Орта есеппен бір келушіге 2,2 кг қоқыс келеді. Бұл – жаппай туризмнің тікелей салдары. Сондықтан біз қоқыс мәселесі тек тазалау мәселесі емес, бұл – мінез-құлық мәдениетінің мәселесі деп айтамыз. Осы себепті біз экотуризмді, яғни табиғатқа ең аз зиян келтіре отырып, оны тануға бағытталған жауапты саяхаттарды насихаттаймыз.
– Туризм мен экология жиі бір-біріне қарсы қойылады. Сіздер тепе-теңдікті қалай табасыздар?
– Біз қарапайым қағиданы басшылыққа аламыз: туризмнің дамуы табиғатты сақтауға қызмет етуі тиіс, керісінше емес. Бұған «Бөлектау» геймификацияланған экосоқпағы, жаңа бағыттар мен бақылау алаңдары дәлел. Бұл – реттелген, танымдық туризм, ол бейберекет жүктемені азайтып, экологиялық сананы қалыптастырады.
– 2026 жылы жүктемені азайту үшін қандай шаралар жоспарланған?
– 2026 жылға арналған стратегия экожүйелерді кешенді сақтау және қалпына келтіру төңірегінде құрылады. Бұл автокөліктердің кіруін кезең-кезеңімен шектеу, тосқауылдаушы автотұрақтар салу, рекреациялық ағындарды Үлкен Шабақты, Щучье, Қатаркөл сияқты баламалы локацияларға қайта бөлу шараларын қамтиды.
Автокөлік қозғалысын кезең-кезеңімен шектеу – тыйым салу немесе құқықтарды шектеу емес, бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқарудың әлемдік тәжірибесі. Мәселе «кіргізу немесе кіргізбеу» емес, Бурабайды жоғалтпау үшін туристік ағынды қалай тиімді басқару керектігінде.
2026 жылы Бурабай көлінің экожүйесін сақтау мақсатында биологиялық тазарту аясында су айдынын ақ амурдың дернәсілдерімен балықтандыру жоспарланып отыр. Бұл әдіс көлдің су өсімдіктерімен шамадан тыс өсуін табиғи жолмен азайтып, су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Барлық жұмыстар мамандардың бақылауымен, биоалуантүрлілікке әсерін бағалау арқылы жүргізіледі.
Сонымен қатар ормандардың деградациясын болдырмау және орман қорын әрі қарай мониторингтеу мақсатында 40 сынамалық алаңда ғылыми кесу жұмыстары жүргізіледі.
Туристік маршруттардағы антропогендік жүктемені азайту үшін соқпақтар мен бағыттарды ағаш төсемдермен жабдықтау жоспарланған. Бұл ағаштардың тамыр жүйесінің зақымдануын, топырақтың тапталуын болдырмай, туристер үшін қауіпсіз жағдай жасайды.
Қалған жоспарлар іске асырылуына қарай жарияланады.
– ГНПП «Бурабайдың» ұзақ мерзімді миссиясын қалай көресіз?
– Біздің мақсатымыз – бірегей экожүйесі сақталған, әлемдік деңгейдегі үлгілі ұлттық парк құру. 2026 жылы жоспарланған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде антропогендік жүктеме азайып, орман және су экожүйелері тұрақтанып, табиғи ресурстардың ұзақ мерзімді орнықтылығы қамтамасыз етіледі.
Біз Бурабайдың тек курорт ретінде ғана емес, болашақ ұрпақ мақтана алатын тірі әрі тұрақты экожүйе ретінде сақталуын қалаймыз.
– Негізгі қағиданы бір сөйлеммен қалай тұжырымдар едіңіз?
– Әсер қалдыр – Бурабайды сақта.