Басты бетБурабайда қыста балықты қалай сақтайды

Бурабайда қыста балықты қалай сақтайды

Бурабайда қыста балықты қалай сақтайды Бурабайда қыста балықты қалай сақтайды Бурабайда қыста балықты қалай сақтайды Бурабайда қыста балықты қалай сақтайды

Қыс – көлдер үшін нағыз сынақ кезеңі. Қалың мұздың астында су біртіндеп оттегінен айырылады, ал қыстың соңында, яғни ақпан–наурыз айларында балықтың тұншығып қырылу қаупі ең жоғары деңгейге жетеді. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (@parkburabay) инспекторлық құрамы жыл сайын тұншығуға қарсы іс-шаралар – су айдындарын аэрациялау жұмыстарын жүргізеді.

Бұл жұмыстың мақсаты қарапайым әрі өмірлік маңызы бар: мұз ең қалың кезеңге жетіп, табиғи газ алмасу іс жүзінде тоқтаған уақытта суды оттегімен қанықтыру. Мұндай қолдау болмаса, балық пен шабақтың жаппай қырылу қаупі жоғары.

«Бурабай» МҰТП аумағында аэрация ұлттық парктің жеті ірі көлінде жүргізіледі. Ерекше назар оттегінің жетіспеуіне аса сезімтал балық түрлеріне аударылады. Олардың қатарында чебак, алабұға, линь, сазан, мөңке, пелядь, рипус, табан және көксерке бар.

Аэрация процесі қарапайым көрінгенімен, оның негізінде нақты есеп пен мол тәжірибе жатыр. Бір ойықтан мотопомпаның көмегімен су мұздың бетіне шығарылып, екінші ойыққа бағытталады. Су мұз үстімен ағып бара жатқанда оттегімен белсенді түрде қанығып, кейін байытылған күйінде қайтадан көлге құйылады.

Қосымша ретінде ойыққа қамыс шоғы орнатылады. Бұл мұздың қайта қатуын баяулатып, суға оттегінің түсуін ұзақ уақыт бойы қамтамасыз етеді. Ойық ашық тұрған кезде судың табиғи түрде оттегімен қанығу процесі жалғаса береді.

«Бурабай» МҰТП жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің инженер-ихтиологы Сергей Владимирович Кучеренко атап өткендей, тұншығуға қарсы шаралар – қыс мезгіліндегі негізгі міндеттердің бірі:
«Қыста біз алдын ала әрекет етеміз. Аэрация тек ересек балықты ғана емес, шабақты да сақтауға мүмкіндік береді, демек бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді».

Бұл жұмыстар уақытты, күш-жігерді және тұрақты бақылауды талап етеді, алайда дәл осы еңбектің арқасында көктемде тірі әрі сау көлдерді көреміз. Ұлттық паркке келушілер үшін бұл үдерістер көбіне көзге байқала бермейді, бірақ дәл қыс мезгілінде Бурабай су айдындарының алдағы маусымдағы амандығының негізі қаланады.