Неліктен еліктер, маралдар мен бұғылар бірнеше кесек тұз үшін ондаған шақырым жүруге дайын? Оның жауабы табиғаттың нәзік тепе-теңдігінде жатыр: кейде ең ұсақ минералдың өзі жабайы жануарлардың өмірінде шешуші рөл атқарады.
Табиғатта тұз – дәмдеуіш емес, жабайы жануарлар үшін өмірлік маңызы бар элемент. Сондықтан «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде азықтандыру алаңдары ұйымдастырылып, олардың жанына тұздақтар орнатылады. Тұздақтар – жануарлар минералды заттардың тапшылығын толықтыра алатын, тас тұз салынған арнайы орындар.
«Бурабай» МҰТП аумағында 125 тұрақты қоректендіру алаңы және 122 тұздақ жұмыс істейді. Олар қыстың қатал кезеңінде жабайы жануарларды қолдауда маңызды рөл атқарады. Бұл нысандар тұяқты жануарлар – бұғылар, еліктер, қабандар мен маралдар көп шоғырланған аумақтарға арнайы орналастырылған және жаз-күз мезгілінде дайындалған шөппен, бұтақ байламдарымен, дәнді дақылдармен және тұзбен үнемі толықтырылып отырады. Қалың қар мен мұз қатқақ болған кезде табиғи азық көздері қолжетімсіз болып, қоректендіру алаңдары жануарларға қажетті қоректі алуға мүмкіндік береді.
– Жабайы табиғатта тұз өте сирек кездеседі. Топырақта, өсімдіктерде және суда натрий мен басқа да минералдар жеткілікті бола бермейді. Ал жануарлардың оларға деген қажеттілігі өте жоғары. Әсіресе, рационы негізінен тұзға кедей өсімдік текті азықтан тұратын шөпқоректі жануарларда, – деп түсіндіреді жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің басшысы Юрий Зелинский.
Тұз жануарларға бірнеше себеп бойынша қажет:
-
Зат алмасу және ас қорыту. Натрий бұлшық еттердің, жүйке жүйесінің және ас қорыту жолының жұмысында маңызды рөл атқарады. Ол жетіспеген жағдайда қоректік заттардың сіңуі бұзылып, жануар тез шаршап, әлсіреп, осал күйге түседі.
-
Аталықтарда мүйіздің өсуі мен дамуы. Бұғылар мен маралдар сияқты тұяқты жануарларда мүйіз жыл сайын өседі. Бұл көп энергия мен минералды заттарды талап ететін күрделі үдеріс. Тұздың жетіспеуі мүйіздің сапасы мен көлеміне тікелей әсер етеді.
-
Аналықтарда төлдің дамуы. Буаздық пен төлді емізу – аналық ағзасына үлкен салмақ түсіреді. Минералдық тепе-теңдік сау төлдің қалыптасуы мен оның тіршілікке бейімділігін арттыруда шешуші маңызға ие.
-
Иммунитетті қолдау. Минералдар жануар ағзасының ауруларға, күйзеліске және қолайсыз табиғи жағдайларға, әсіресе қыс мезгілінде, төтеп беруіне көмектеседі.
-
Минералдардың орнын толтыру. Қозғалыс белсенділігі, өсу, түлеп-жөнелу және күйзеліс кезінде жануарлар минералды заттарды көп жоғалтады. Тұздақтар бұл тапшылықты табиғи әрі қауіпсіз жолмен толықтыруға мүмкіндік береді.
Қыс пен ерте көктемде жануарлардың азыққа қолжетімділігі шектеулі болады, олар жем іздеуге және суықта тірі қалуға көп күш жұмсайды. Осындай кезеңде қоректендіру алаңдары мен тұздақтар жануарлар үшін нағыз «қолдау нүктесіне» айналып, жылы маусымға дейін күш-қуаты мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Азық дайындау, қоректендіру алаңдары мен тұздақтарды жасау және күтіп-ұстау биотехникалық іс-шаралар деп аталады. Бұл – «Бурабай» МҰТП-де жүргізілетін жүйелі табиғатты қорғау және ғылыми жұмыстың бір бөлігі.
Парк келушілеріне ескерту: қоректендіру алаңдары мен тұздақтар – туристік нысан емес. Оларға жақындауға, қол тигізуге немесе өз бетіңізше «бірдеңе қосуға» болмайды. Тіпті игі ниетпен жасалған әрекеттердің өзі табиғи тепе-теңдікті бұзып, жануарларға зиян келтіруі мүмкін. Жабайы табиғатты тек қашықтан бақылап, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды аралау ережелерін сақтау қажет.
Қоректендіру алаңдары мен тұздақтар – экожүйені тұтастай сақтауға бағытталған дәл әрі ғылыми негізделген шаралардың айқын үлгісі. Бүгін жабайы жануарлардың денсаулығын қолдай отырып, «Бурабай» ұлттық паркі табиғи үдерістердің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Дәл осындай, алғаш қарағанда көзге байқала бермейтін ұсақ детальдардан Бурабайдың бірегей табиғатын – тірі, теңгерімді әрі шынайы күйінде сақтауға бағытталған ауқымды жұмыс құралады.