Бурабай МҰТП инспекторлары ерекше қорғалатын табиғи аумақта балықты заңсыз аулау дерегін анықтады.
Сотта анықталғандай, Бурабай ауданының тұрғындары Б. және М. ұлттық парк аумағындағы Жөкей көлінде балықты заңсыз аулаған. Тиісті рұқсатсыз (лицензиясыз) олар ұсақ көзді балық аулау торларын пайдаланған, бұл – су биоресурстарын жаппай жою тәсілі болып саналады.
Құқыққа қайшы әрекеттер салдарынан шамамен 450 келі сазан мен мөңке балығы заңсыз ауланған. Мемлекетке 5,7 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
Құқық бұзушылар ұлттық парк инспекторлары тарапынан ұсталды. Тінту барысында 14 балық аулау торы және 19 қап балық тәркіленді.
Сотта айыпталушылар кінәларын мойындап, аталған аумақта тор арқылы балық аулауға тыйым салынғанын білгендерін жеткізді. Олар жасаған әрекеттеріне өкініш білдіріп, келтірілген залалды толық өтеді. Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді: шынайы өкіну, залалды ерікті түрде өтеу, айыпталушылардың бірінің кәмелетке толмаған баласының болуы, екіншісінің жас болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауы.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жаппай жою тәсілдерімен балық аулау табиғат қорғау заңнамасын өрескел бұзу болып табылады және экожүйеге ауыр зардаптар әкеледі.
Сот үкімімен әр айыпталушыға қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.