Басты бет«Бурабай» МҰТП-де «Тазару күні» аясында сенбілік өтті

«Бурабай» МҰТП-де «Тазару күні» аясында сенбілік өтті

«Бурабай» МҰТП-де «Тазару күні» аясында сенбілік өтті

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері Наурызнама онкүндігі аясында атап өтілетін «Тазару күніне» орай сенбілік ұйымдастырды. Бұл күн тазалық пен жаңарудың символы болып саналады.

Сенбілік барысында ұлттық парк қызметкерлері бекітілген аумақтарды тазалап, орман алқаптарын, жағалау аймақтарын, шолу алаңдарын тұрмыстық қалдықтардан арылтты. Рекреациялық жүктемесі жоғары орындарға ерекше назар аударылды. Іс-шара кәсіпкерлер қауымдастығы өкілдерімен және жалға алушылармен бірлесіп өткізілді.

Осыған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазару күніне» байланысты азаматтарға үндеу жасап, экологиялық бастамаларға белсенді қатысудың және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында ауқымды экологиялық іс-шаралар бастау алды.

Сонымен қатар ұлттық парк қызметкерлері «Мөлдір бұлақ» бастамасын да қолдап келеді. Бұл жоба табиғи бұлақтарды, жағалау аймақтарын және су айдындарын тазартуды көздейді.

«Бурабай» МҰТП-де қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жүйелі жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Ұлттық парк «Таза мұз», «Таза жағалау», «Парктер шеруі» сияқты экологиялық акцияларды, сенбіліктерді, аумақтарды тазалау, орман алқаптарын отырғызу шараларын және халық пен өңір қонақтары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ағартушылық жобаларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

«Тазару күні» аясында өткен сенбілік экология және табиғи мұраны сақтау мәселелері мемлекеттік деңгейде де, ұлттық парк қызметкерлерінің күнделікті қызметінде де басым бағыттардың бірі болып қала беретінін тағы бір мәрте көрсетті.