Басты бетЖарыс, жүлде және экология: Бурабайда қысқы балық аулау фестивалі өтті

Жарыс, жүлде және экология: Бурабайда қысқы балық аулау фестивалі өтті

Жарыс, жүлде және экология: Бурабайда қысқы балық аулау фестивалі өтті

Бурабай курорттық аймағында жыл сайынғы Burabay Fishing Cup 2026 қысқы балық аулау фестивалі өтті. Ұйымдастырушылар – «Бурабай» МҰТП, «Бурабай Даму» ЖШС және Wyndham Garden Burabay қонақүйі. Сонымен қатар шараның демеушісі «Green Wellness Burabay» емдеу-сауықтыру кешені болды.

Жеңімпаздар бірнеше аталым бойынша анықталды. «Big Fish» (ең үлкен балық) номинациясында Юрий Мелешенко жеңіске жетті. «First Fish» (алғашқы аулаған балық) номинациясының жүлдесін Илья Новокшонов иеленді. Оған сәттілік әкелген – кішкентай алабұға.

Ең үлкен жалпы аулау салмағы бойынша жарыс қорытындысында жүлделі орындар былай бөлінді: бірінші орынды Юрий Мелешенко (жалпы салмағы – 2246 грамм), екінші орынды Игорь Попов (664 грамм), үшінші орынды Денис Новиков (356 грамм) иеленді.

Мұзды ең жылдам бұрғылау сайысында Александр Бойко үздік атанды.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар ең жас қатысушы – небәрі 9 жастағы Михаил Алферьевті және фестивальдің ең тәжірибелі балықшысы – 80 жастағы Георгий Соколовты атап өтті. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен марапаттар табысталды.

Қысқы балық аулау фестивалі 2009 жылдан бері өткізіліп келеді және белсенді демалысты, экологиялық туризмді насихаттауға бағытталған. Іс-шара барысында жауапты балық аулау қағидаттарына ерекше назар аударылды: қатысушыларға балық аулау ережелері, рұқсат етілген құралдарды пайдалану туралы ескертілді.

Шара кезінде балықшылар Бурабайдың бірегей экожүйесі мен биоалуантүрлілігі туралы да көбірек білді. Қатысушылардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Олардың көпшілігі ұлттық парктің экологиялық бастамаларын, соның ішінде «Таза Қазақстан», «Таза мұз», «Таза жағалау» және басқа да акцияларды тұрақты түрде қолдап келеді.