«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Таза Қазақстан» республикалық қозғалысы аясында дәстүрлі «Таза мұз» экологиялық акциясы өтті. Іс-шара көктемгі мұз жүру кезеңі басталар алдында Бурабай көлдерін тазартуға бағытталған.
Акция жыл сайын наурыз айында өткізіледі. Бұл уақытта мұз қабаты әлі сақталғанымен, көп ұзамай ери бастайды. Дәл осы кезеңде қыс бойы мұз үстінде қалған қоқысты жинау ерекше маңызды.
«Егер мұз үстінде қоқыс қалса, еріген кезде ол су айдындарына түсіп, ұзақ мерзімді ластану көзіне айналады. Пластик пен тұрмыстық қалдықтар суды ластап, балықтар мен су құстарына зиян келтіреді, сондай-ақ түбіне шөгіп, ондаған жылдар бойы сақталады. Бұл экожүйеге айтарлықтай зиян келтіреді», – деп түсіндірді ұлттық парк мамандары.
Акцияға «Бурабай» МҰТП орманшылықтарының инспекторлары, жергілікті тұрғындар және балық аулауды ұнататын азаматтар қатысты. Бірлескен күш-жігердің арқасында Щучье, Бурабай көлдері және басқа да су айдындарының аумақтары тазартылды. Мұз бетінен тұрмыстық қалдықтар, пластик пакеттер мен стақандар, түрлі қаптамалар және басқа да қоқыс жиналды. Акция барысында барлық су айдындарынан 500 килограмнан астам қоқыс шығарылды.
Ұлттық парк өкілдері мұндай іс-шаралар бір реттік акция емес, жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті. Қыс мезгілі бойы «Бурабай» МҰТП қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, аумақты тазалау жұмыстарын атқарады. Мәселен, 2025–2026 жылдардағы қысқы маусымда ұлттық парк аумағынан 263 текше метр қоқыс шығарылды. Бұл көлем екі қабатты үлкен үйдің көлемімен шамалас.
«Бурабай» МҰТП дирекциясы курорттық аймақ тұрғындары мен қонақтарын демалыс кезінде тазалық сақтауға, қоқысты өздерімен бірге алып кетуге шақырады.