Басты бет«Бурабай» МҰТП орман отырғызуға дайындалуда: тұқымдар мұздықтарға салынуда

«Бурабай» МҰТП орман отырғызуға дайындалуда: тұқымдар мұздықтарға салынуда

«Бурабай» МҰТП орман отырғызуға дайындалуда: тұқымдар мұздықтарға салынуда
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде көктемгі орман өсіру жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Приозерное орманшылығы аумағындағы орман питомнигінде мамандар маңызды кезеңдердің бірі – кәдімгі қарағай тұқымдарын стратификациялауға дайындалуда. Бұл әдіс тұқымның өнгіштігін арттырып, Қазақстандағы орман алқаптарын көбейтуге арналған сапалы отырғызу материалын дайындауға мүмкіндік береді.

Болашақ орманды өсіру жұмыстары ағаш отырғызудан әлдеқайда бұрын басталады. Қыста парктың мемлекеттік инспекторлары қарағай бүрлерін жинайды. Кейін олар арнайы қондырғыларда кептіріліп, қанаттарынан тазартылады. Одан соң тұқымдары алынып, зертханада сапасына талдау жасалады. Іріктелген тұқымдар арнайы дайындықтан өтеді. Оның негізгі кезеңдерінің бірі – стратификация, яғни табиғи жағдайда тұқымның қыстауын имитациялайтын процесс.

Осы мақсатта питомникте «мұздықтар» деп аталатын қар қоймалары пайдаланылады. Олар қар ұзақ сақталатын жерлерде жасалады. Мұндай алаңдар алдын ала дайындалады.

«Жыл басында қар ұзақ ерімейтін екі учаске таңдалды. Олар – ғимараттар мен орман алқаптарының солтүстік беткейлері. Бірінші учаске кәдімгі қарағай тұқымдарын стратификациялауға арналған. Мұнда қар үйіндісі жасалып, оның үстіне үгінділер біркелкі себіледі. Бұл қардың тез еріп кетуіне жол бермейді. Мұндай әдіс тұқымдардың төзімділігін арттырып, көктемде біркелкі әрі тез өнуіне мүмкіндік береді. Бұл тәсіл қарағай мен басқа да қылқан жапырақты ағаштарға тиімді. Стратификация 2–3 айға созылады», – деді «Бурабай» МҰТП орман питомнигінің жетекшісі Ринат Хадиев.

Оның айтуынша, питомникте тағы бір «мұздық» дайындалуда. Ол көктемде көшеттер мен шыбықтарды қазып алу кезінде уақытша сақтау үшін пайдаланылады.

«Екінші мұздық көшеттер мен шыбықтарды көктемде қазып алғаннан кейін уақытша сақтау үшін қажет. Ол да дәл осындай әдіспен жасалады. Мұздық ішінде төмен температура көктемнің соңына дейін, кейде жазға дейін сақталады. Суықта болғандықтан, көшеттердің өсу процесі баяулайды. Сондықтан олар тек отырғызылғаннан кейін ғана өсе бастайды», – деп атап өтті Ринат Хадиев.

Стратификация аяқталғаннан кейін тұқымдар питомниктегі арнайы дайындалған алаңдарға себіледі. Мұнда екі жыл бойы жас өсімдіктерге тұрақты күтім жасалады: сиретіледі, арамшөптерден тазартылады, қажет болған жағдайда суарылады.

Екі жылдан кейін көшеттер толыққанды отырғызу материалына айналып, ұлттық парк аумағындағы орман алқаптарына отырғызылады. Осылайша, кезең-кезеңімен Бурабайдың болашақ орманы қалыптасады.