2026 жылғы 6 сәуірден бастап «Бурабай» МҰТП аумағында ресми түрде өрт қауіпті маусым басталады. Тиісті бұйрыққа Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы қол қойды.
Өрт қауіпті кезеңнің енгізілуі ұлттық парктің күшейтілген жұмыс режиміне көшуін көздейді. Негізгі назар ықтимал өрт ошақтарына жедел әрекет етуге және олардың алдын алуға аударылады. Кезекшілік кестелері бекітілді, геопорталмен деректерді тұрақты салыстыру жүргізілуде, от жағуға тыйым салудың сақталуына бақылау күшейтілді. Сонымен қатар халық пен келушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар ұлттық паркте алдын алу шаралары басталып кетті. Автожолдардың бойында, егістік алқаптар мен жайылымдардың шекараларында құрғақ шөпті бақылаулы түрде өртеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар өрттің таралу қаупін азайтуға және өрт болған жағдайда жалынның орман алқаптарына өтуіне жол бермейтін қорғаныс жолақтарын қалыптастыруға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар аумақтың жағдайын жақсартуға да ықпал етеді: ескі, қатты шөп жойылып, аумақ қоқыс пен құрғақ қалдықтардан тазартылады, ал кейіннен жас әрі құнарлы шөп өседі.
Мемлекеттік инспекторлар бұл тек толық бақылауда жүргізілетін процесс екенін атап өтеді. Өртеп тазалау жұмыстары тек қажетті рұқсаттар болған жағдайда, тиісті қызметтердің қатысуымен және қолайлы ауа райында, яғни желсіз кезде жүргізіледі. Жұмыс басталар алдында міндетті түрде оттың таралуына жол бермейтін минералданған жолақтар жасалады. Әр учаскеде адамдардың кезекшілігі қамтамасыз етіліп, су қоры, арнайы техника және өртке қарсы құралдар дайын күйде болады.
Еске сала кетейік, «Бурабай» МҰТП аумағында «Smart National Park Burabay» ерте анықтау жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, оттың таралуына дейін жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бейнебақылау камералары парктің негізгі нүктелеріне орнатылып, тәулік бойы жағдайды бақылап отырады. Жүйе түтінді автоматты түрде анықтап, координаттарын белгілеп, сигналды бірден диспетчерге жібереді. Соның арқасында орман өртке қарсы қызметі оқиға орнына дер кезінде жетіп, өрттің алдын алуға мүмкіндік алады.