«Болектау» экотропасындағы баннерлер вандализмнен кейін қалпына келтірілді
«Бурабай» ұлттық паркінің аумағындағы «Болектау» экологиялық соқпағында мүлікті қасақана бүлдіру фактісі тіркелді – ақпараттық баннерлер зақымданған. Қазіргі уақытта олар толық қалпына келтірілді, алайда «Бурабай» МҰТП дирекциясы мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін еске салуды қажет деп санайды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару ережелерінің бірі: «Бурабай» ұлттық паркінде көрнекі үгіт құралдарын сындыруға және бүлдіруге қатаң тыйым салынады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қорғау режимін бұзғаны үшін (380-1-бап) 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабымен реттеледі, ол 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе бес тәуліктен жиырма тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Ал мұндай әрекеттерге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 294-бабы («Вандализм») қолданылады, онда 100-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не түзеу жұмыстарына тарту, не 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген.
Экотропадағы әрбір элемент – экологиялық туризмді дамыту мен ағартушылық жұмыстың бір бөлігі. Баннерлер, көрсеткіштер мен ақпараттық стендтер келушілердің қауіпсіз қозғалуына, табиғат туралы мәлімет алуына және ерекше қорғалатын аумақтағы мінез-құлық ережелерін сақтауына мүмкіндік беру үшін орнатылады.
Еске сала кетейік, «Бурабай» ұлттық паркінде орналасқан «Болектау» геймификацияланған экотропасы – Қазақстандағы алғашқы интерактивті жаяу маршруттардың бірі, 2025 жылдың қыркүйегінде ашылған. Ол күрделі көтерілісті QR-кодтар, үш тілдегі аудиогид және Telegram-бот арқылы қызықты квестке айналдырады. Жоба Home Credit Bank, «Бурабай» МҰТП, Ақмола облысының туризм басқармасы және «Creative&Innovation Institute» қоғамдық қорының серіктестігі арқасында жүзеге асты. EcoPlaton эко-боты Қарағанды қаласының оқушысы Платон Нечаевтың қатысуымен жасалған.
Ұлттық парк инфрақұрылымына ұқыпты қарауға шақырамыз.