Басты бетБалама бағыттар. «Бурабай» ұлттық табиғи паркі аумағынан қалай тез әрі ыңғайлы шығуға болады

Балама бағыттар. «Бурабай» ұлттық табиғи паркі аумағынан қалай тез әрі ыңғайлы шығуға болады

Балама бағыттар. «Бурабай» ұлттық табиғи паркі аумағынан қалай тез әрі ыңғайлы шығуға болады

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жыл сайын бір миллионнан астам келушіні қабылдайды. Маусым қызған кезде автокөлік ағыны бірнеше есе артып, Бурабай кентіндегі екінші бақылау-өткізу пунктінде кезек пайда болуы мүмкін. Бұл жүйедегі ақау немесе кіруге шектеу емес, елдегі ең танымал туристік бағыттардың біріне деген жоғары сұраныстың нәтижесі.

Осыған байланысты келушілерге уақытты үнемдеу және БӨП-2 жүктемесін азайту үшін шығу бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

«Парк әкімшілігі келушілерден жүктемені ескеріп, шығу бағытын алдын ала таңдауды сұрайды. Аумақтан күтусіз әрі жылдам шығуға мүмкіндік беретін бірнеше балама бағыт бар», — деді директордың орынбасары Венера Нугманова.

Бірінші бақылау-өткізу пункті «Астана – Көкшетау» тасжолына шығарады және елордаға немесе солтүстік бағытқа бет алғандар үшін қолайлы. Үшінші бақылау-өткізу пункті Щучинск қаласы арқылы өтеді және курорттық аймақтағы көлік ағынын тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Төртінші бақылау-өткізу пункті «Балдәурен» балалар орталығы арқылы орналасқан және негізгі шығу нүктесіндегі жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Аталған бағыттарды пайдалану жолға кететін уақытты қысқартып, ұлттық парк инфрақұрылымына түсетін салмақты азайтады.

Келушілерге қолайлылық үшін кіру төлемінің бірнеше тәсілі қарастырылған: Kaspi.kz және Halyk қосымшалары арқылы, халықаралық төлем жүйелерінің карталарымен және қолма-қол төлеуге болады. Бұл кіру және шығу кезінде кідірістердің алдын алуға көмектеседі.

«Бурабай» ұлттық паркі тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар табиғи тепе-теңдікті сақтауға ерекше мән берілетін аумақ болып қала береді.

 «Бағытты дұрыс таңдау әр келушінің сапарын жайлы етеді және бүкіл жүйенің артық жүктемесіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», — деп атап өтті парк өкілдері.