Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи парк мектеп оқушыларымен бірге қарағай көшеттерін өсіру бойынша экологиялық акцияны жүзеге асырды.
Жобаға төрт білім беру ұйымының оқушылары қатысты. Олар Буланды ауылының, Қатаркөл ауылындағы А. И. Досов атындағы, Оқжетпес ауылының мектептері және Щучинск қаласындағы №6 мектеп.
Жоба 2024 жылы тәжірибелік егіспен басталды. Оқушылар мамандармен бірге 400 қарағай тұқымын жеке ыдыстарға отырғызды.
2025 жылдың күзінде жүргізілген түгендеу нәтижесінде көшеттердің жерсіну деңгейі 70 пайызды көрсетті. Нәтижесінде 280 сау көшет дайындалды.
2026 жылдың көктемінде өсірілген екі жылдық көшеттер толықтай мектеп аумақтарына отырғызылды. Осылайша оқушылар тек процеске қатысып қана қоймай, өз еңбектерінің нақты нәтижесін көрді.