«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және Бурабай ауданының аумағында ұлттық парк мемлекеттік инспекторлары мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен бірлескен рейдтік іс-шаралар өтті. Тексерулер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып, табиғатты қорғау заңнамасын, жол қозғалысы ережелерін бұзу және заңсыз кәсіпкерлік фактілерінің алдын алуға бағытталды.
Мереке және демалыс күндері туристер ағынының көп болуына байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Ерекше назар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, автокөліктерді дұрыс тұраққа қоюға, сондай-ақ көліктердің орман алқабына кіруіне жол бермеуге аударылуда.
Рейд барысында ғана полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 30-ға жуық фактісін тоқтатты.
«Бурабай» МҰТП мемлекеттік инспекторлары бір күн ішінде 5 әкімшілік хаттама толтырды. Негізгі заңбұзушылықтардың бірі – автокөліктердің жалпы пайдаланымдағы жолдардан орман аймағына шығып кетуі. Мұндай әрекеттер топыраққа, өсімдіктерге және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың экожүйесіне зиян келтіреді. Сонымен қатар көліктерден мотор майлары мен техникалық сұйықтықтар ағып, табиғатқа орны толмас залал келтіруі мүмкін.
Осындай жағдайларда ұлттық парк ҚР ӘҚБтК-нің 372-бабы 4-бөлігіне сәйкес шара қолдануға мәжбүр. Аталған бап ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орман фаунасын жою немесе бүлдіру, орманды қалдықтармен не химиялық заттармен ластау фактілері үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастырады. Бұл құқықбұзушылық үшін жеке тұлғаларға – 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 70 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Ұлттық парк дирекциясының басты стратегиялық міндеті – Бурабай экожүйесін сақтау болғандықтан, орманды өрттен қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. ҚР ӘҚБтК-нің 367-бабы 3-тармағына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитарлық ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл құқықбұзушылық үшін ірі көлемдегі айыппұл көзделген: жеке тұлғаларға – 100 АЕК, лауазымды тұлғаларға және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 250 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1500 АЕК.
Тұрмыстық қоқыспен аумақты ластау мәселесі де өзекті болып отыр. Ұлттық парк қызметкерлері күн сайын туристер көп жиналатын орындарды тазалайды. Бір күннің өзінде «Бурабай» МҰТП аумағынан 25 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
«Біз Бурабай экожүйесін қорғау үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабын қарастырамыз. Мысалы, 380-1-бап ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғау режимін бұзуды қарастырады. Заңбұзушыларға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады», – дейді «Бурабай» МҰТП Бурабай орманшылығының орман шебері Әлия Әлімова.
Полиция қызметкерлері мен ұлттық парк мамандары демалушыларды ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу ережелерін сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарауға және заң талаптарын орындауға шақырады.