Жазғы маусымның басталып, күннің ысуына байланысты Бурабай көлдеріне келушілер саны күрт артады. Осыған орай судағы жазатайым оқиғалар қаупі де жоғарылайды. «Бурабай» МҰТП мамандарының мәліметінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын елемеудің салдарынан орын алады. Атап айтқанда, рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, алкогольдік ішімдік тұтыну, балаларды қараусыз қалдыру, суға қауіпті түрде секіру және жеке мүмкіндіктерді дұрыс бағаламау адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді.
Әсіресе, кәмелетке толмаған балалардың ересектердің бақылауынсыз су маңында жүруі ерекше алаңдаушылық туғызады. Баланың терең суға түсіп кетуі үшін санаулы секундтың өзі жеткілікті. Осыған байланысты ата-аналар мен заңды өкілдер балаларды үнемі бақылауда ұстауға міндетті. Балаларды су жағасында, тіпті таяз аймақтарда да қараусыз қалдыруға, оларды басқа кәмелетке толмағандарға тапсыруға немесе назарды телефон мен өзге де әрекеттерге аударуға жол берілмейді.
Шомылу кезеңіндегі тағы бір өзекті мәселе – алкогольдік масаң күйде суға түсу. Мамандардың айтуынша, алкоголь адамның қимыл-қозғалыс үйлесімін бұзып, қауіп-қатерді бағалау қабілетін төмендетеді. Нәтижесінде адам өз мүмкіндігін дұрыс есептей алмай, бұл жағдай қайғылы оқиғаларға алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар демалушылардың бір бөлігі арнайы жабдықталмаған аумақтарда шомылуды жалғастыруда. Мұндай табиғи су айдындарының түбі алдын ала тексерілмегендіктен, онда тереңдіктің күрт өзгеруі, су астындағы кедергілер, тастар, ағаш қалдықтары мен лайлы учаскелер кездесуі ықтимал. Сондықтан мұндай орындарда шомылу азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабына сәйкес, су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін, оның ішінде тыйым салынған орындарда шомылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Ұлттық парк қызметкерлері құтқару қызметі мен полиция өкілдерімен бірлесіп жағалау аумақтарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мамандар төмендегі талаптарды қатаң сақтауға шақырады:
•тек арнайы рұқсат етілген және жабдықталған орындарда шомылу;
• алкогольдік масаң күйде суға түспеу;
• балаларды қараусыз қалдырмау;
• бейтаныс жерлерде суға сүңгімеу;
• жағалаудан алысқа жүзбеу;
• қайықтар мен өзге де жүзу құралдарына жақындамау;
• қатты жел кезінде үрлемелі құралдарды пайдаланбау;
• су ішінде қауіпті ойындар ұйымдастырмау және жалған көмек
шақырмау;
• найзағай мен қатты жел кезінде суға түспеу;
• демалыс орындарында қоқыс пен шыны қалдықтарын қалдырмау.
Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі.