Басты бетЕкі сағат бойы суда болған: “Бурабай” МҰТП қызметкерлері жас елікті құтқарып қалды

Екі сағат бойы суда болған: “Бурабай” МҰТП қызметкерлері жас елікті құтқарып қалды

Екі сағат бойы суда болған: “Бурабай” МҰТП қызметкерлері жас елікті құтқарып қалды

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторлары көлден жүзіп өтпек болған жас елікті құтқарып қалды. Оқиға туралы «Бурабай» МҰТП жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің инженер-экологы Сергей Кучеренко айтып берді.

Жоспарлы рейдтік іс-шаралар барысында жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің қызметкерлері Ақылбай орманшылығының мамандарымен бірге Кіші Шабақты көлі аумағына барған. Патрульдеу кезінде олар Ақылбай ауылы жағынан Көкше тауының баурайындағы Шие сай бағытына қарай көлді жүзіп өтіп бара жатқан ұрғашы елікті байқайды.

Алғашында бұл жағдай алаңдаушылық тудырмаған. Мамандардың айтуынша, жабайы жануарлар үшін су айдындарын жүзіп өту табиғи құбылыс саналады. Дегенмен инспекторлар жануарды бақылауды тоқтатпаған.

Екі сағаттан астам уақыт өткен соң еліктің әлсірей бастағаны байқалған. Жануар суға тұншығып, су бетінде әрең қозғала бастаған.

«Еліктің өз күшімен жағаға жете алмайтынын түсіндік. Сол сәтте моторлы қайықпен дереу жеттік. Уақытында судан шығарып алып, жағаға жеткіздік», — дейді Сергей Кучеренко.

Құтқарылғаннан кейін елік біраз уақыттан соң есін жиып, орманды алқапқа қарай жүгіріп кеткен.

Мамандардың бағалауынша, құтқарылған жануар шамамен екі жастағы жас ұрғашы елік болған. Тәжірибесінің аздығы мен ұзақ қашықтыққа жүзуге физикалық төзімінің жетіспеуі оның әлсіреуіне себеп болуы мүмкін.

Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, мұндай оқиғалар табиғатты тұрақты бақылау мен рейдтік жұмыстардың маңызын тағы бір мәрте көрсетеді. Күнделікті патрульдеу кезінде инспекторлар жабайы жануарлардың өміріне қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етуге әрдайым дайын.