«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2025–2029 жылдарға арналған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыруда.
Саябақ келушілері үшін екі жаңа бағыт әзірленді: атпен серуендеу және қысқы туристік маршрут.
Атпен серуендеу бағыты жылы маусымда келушілер үшін қолжетімді. Маршрут Мирный орманшылығы аумағы арқылы өтіп, қарағай мен қайың аралас өскен көркем орман алқаптарын, ашық алаңқайлар мен шолу алаңдарын қамтиды. Бағыт бұрыннан бар орман соқпақтары бойымен, жер бедері тегіс және аздап белесті аумақтар арқылы жүргізілген. Бұл оны тәжірибелі шабандоздар үшін де, атқа жаңадан мінуді үйреніп жүргендер үшін де ыңғайлы етеді.
Атпен серуендеу бағытының ұзындығы 5 шақырымды құрайды. Ол жыл сайын мамырдан қазан айына дейін жұмыс істейді.
Сонымен қатар ұлттық паркте ұзындығы 10 шақырым болатын жаңа қысқы маршрут әзірленді. Онда электрлі қаркөліктерді пайдалану көзделген. Маршрутты іске қосу қалыңдығы кемінде 30 сантиметр болатын тұрақты қар жамылғысы қалыптасқан жағдайда 1 желтоқсанға жоспарланып отыр.
Бағыт Бурабай орманшылығы аумағы арқылы өтеді. Саяхат барысында туристер Бурабайдың қысқы табиғатымен танысып, ұлттық парктің бірегей табиғи кешендерін тамашалай алады. Сондай-ақ жабайы жануарлардың табиғи мекендеу ортасына кедергі келтірмей, олардың іздерін бақылауға мүмкіндік алады.