Басты бетБурабайда табиғат аясында жайлы демалуға арналған жаңа пикник аймақтары ашылды

Бурабайда табиғат аясында жайлы демалуға арналған жаңа пикник аймақтары ашылды

Бурабайда табиғат аясында жайлы демалуға арналған жаңа пикник аймақтары ашылды

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспары аясында туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда.

Үлкен Шабақты көлі маңындағы Бурабай орманшылығының және Кіші Шабақты көлі маңындағы Ақылбай орманшылығының аумағында келушілердің ұйымдастырылған демалысына арналған бес жаңа заманауи пикник аймағы абаттандырылды.

Әрбір аймақ қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған: демалуға арналған күркелер, үстелдер мен орындықтар орнатылып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерді орналастыру орындары қарастырылған.

Пикник аймақтарының бір бөлігі өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес арнайы от жағу орындарымен жабдықталған. От жағуға тек арнайы белгіленген және осы мақсатқа жабдықталған орындарда ғана рұқсат етіледі.

Жаңа демалыс орындарын құру ұлттық парк келушілерінің жайлылығын арттыруға және экологиялық туризмді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар ұйымдастырылған пикник аймақтары демалушыларды арнайы жабдықталған орындарға шоғырландыру арқылы табиғи кешендерге түсетін антропогендік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық парк мамандарының айтуынша, заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту Бурабайдың бірегей экожүйесін сақтаудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Арнайы жабдықталған демалыс орындарының болуы келушілердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, туристердің ретсіз орналасу жағдайларын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 50 пикник аймағы жұмыс істейді. Оның 36-сы арнайы от жағу орындарымен жабдықталған, ал қалғандары ашық отты пайдаланбай демалуға арналған.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде демалыс және экологиялық туризм инфрақұрылымын дамыту жұмыстары курорттық аймақты дамытудың кешенді жоспары аясында алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.