Басты бетБурабайда туристік маусым қызған шақта тәртіпті бақылау күшейтіледі

Бурабайда туристік маусым қызған шақта тәртіпті бақылау күшейтіледі

Бурабайда туристік маусым қызған шақта тәртіпті бақылау күшейтіледі

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жазғы туристік маусым кезеңінде табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуде. Жаз бойы ұлттық парк аумағында мемлекеттік инспекторлардың, полиция қызметкерлерінің, Төтенше жағдайлар министрлігі мен әкімдік өкілдерінің қатысуымен тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізілетін болады.

Бақылауды күшейту туралы шешім ұлттық паркке келуші туристер санының бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуіне байланысты қабылданды. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, негізгі туристік нысандарға түсетін рұқсат етілген жүктеме жылына 890 мың адамды құрайды. Алайда жергілікті билік органдарының мәліметінше, өткен жылы курорттық аймаққа шамамен 1,5 миллион адам келген. Биыл бұл көрсеткіш тағы бірнеше жүз мың адамға артуы мүмкін.

Келушілер санының рұқсат етілген деңгейден үнемі асып түсуі топырақ жамылғысының тозуына, оның жоғарғы қабатының тығыздалып, бұзылуына, ағаштардың тамыр жүйесінің ашылуына, бұталы өсімдіктер мен жануарлардың табиғи мекендеу ортасының бүлінуіне әкеледі. Жағалау аймақтары мен су айдындарына түсетін жүктеме артып, қоршаған ортаның ластану және табиғи экологиялық тепе-теңдіктің бұзылу қаупі күшейеді.

Мамандардың айтуынша, келушілердің орман алқаптарында бақылаусыз жүруі, белгіленген туристік бағыттардан тыс қозғалуы, палаткаларды рұқсат етілмеген жерлерге тігуі және қарапайым экологиялық талаптарды сақтамауы экожүйеге елеулі зиян келтіреді. Мұндай зардаптарды қалпына келтіруге ондаған жыл қажет болуы мүмкін. Егер антропогендік жүктеменің қазіргі қарқыны сақталса, Бурабайды Қазақстанның інжу-маржанына айналдырған бірегей табиғи ландшафттың жойылу қаупі бар.

Сондай-ақ жыл сайын тіркелетін құқық бұзушылықтар саны артып келеді. Туристер тыйым салынған жерлерде от жағады, арнайы жабдықталмаған аумақтарға палатка тігеді, қоқыс қалдырады, ағаш-бұта өсімдіктеріне зиян келтіреді және ұлттық парк аумағында болу тәртібін бұзады.

2026 жылғы 11 маусымдағы жағдай бойынша «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында 85 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 380-1-бабы бойынша («Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау режимін бұзу») 61 әкімшілік хаттама және 380-бабы бойынша («Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерінде болу тәртібін бұзу») 19 әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұдан бөлек, орман қорын қоқыстау, орман қоры жерлеріне зиян келтіру, жер заңнамасының талаптарын бұзу, ағаш-бұта өсімдіктерін заңсыз зақымдау, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың заңды қызметіне кедергі жасау фактілері тіркелді.

Әкімшілік айыппұлдардан бөлек, заңнама келтірілген залалды өтеуді, сондай-ақ өрескел құқық бұзушыларды қоғамдық жұмыстарға тартуды да қарастырады.

Бурабай – бақылаусыз демалатын аумақ емес және белгіленген ережелерді елемеуге болатын орын емес. Ұлттық парк ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып табылады және мұнда барлық келушілер үшін міндетті арнайы режим қолданылады.

«Кейбір демалушылар әлі күнге дейін Бурабайға келуді ешқандай шектеусіз демалу мүмкіндігі ретінде қабылдайды. Алайда рұқсат етілмеген жерде от жағудан бастап қоқыс тастауға дейінгі кез келген құқық бұзушылық әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Ережелер баршаға бірдей, ал бақылау одан әрі күшейтіледі», – деп атап өтті «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері.

Ұлттық парк әкімшілігі келушілерді табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына бейжай қарамауға шақырады. Мұндай фактілер туралы азаматтар ұлттық парктің мемлекеттік инспекторларына немесе «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жақын маңдағы кордондарына дереу хабарлай алады. Жедел ақпарат беру құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ұлттық парктің бірегей экожүйесіне келетін зиянды барынша азайтуға мүмкіндік береді.