«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жариялаған табиғат қорғау заңнамасын сақтау қажеттігі туралы ресми ескертуден кейін, 13 маусым күні курорттық аймақ аумағында МҰТП қызметкерлері мен Бурабай аудандық полиция бөлімінің алғашқы бірлескен рейді өткізілді.
Рейдтік іс шара жазғы туристік маусымның ашылу күні ұйымдастырылды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, мерекелік атмосфера мен жаппай демалыстың тасасында басқа мәселе де бар. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақ режимінің бұзылуы, көліктердің орман алқаптарына бақылаусыз кіруі, заңсыз кәсіпкерлік қызмет және табиғат аясында болудың қарапайым ережелерін сақтамау.
Бірлескен тексеру барысында табиғат қорғау заңнамасы мен қоғамдық тәртіпті бұзудың бірқатар фактілері анықталды.
Атап айтқанда, көлік құралдарының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқаптарына заңсыз кіруіне байланысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды. Мұндай құқық бұзушылықтар ұлттық парктің экожүйесіне тікелей зиян келтіреді. Топырақ жамылғысы бүлінеді, ағаштардың тамыр жүйесі зақымдалады және табиғи өсімдік жабыны жойылады.
Сонымен қатар, тиісті рұқсат құжаттарынсыз туристік қызмет көрсетудің бір фактісі анықталды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу режимін бұзуға да ерекше назар аударылды. Арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерге төрт палатка орнату фактісі тіркелді.
Рейд барысында заңсыз кәсіпкерлік қызметтің де жолы кесілді. «Бурабай» МҰТП қызметкерлері мен полиция бөлімінің өкілдері атпен серуендету қызметін заңсыз көрсеткен тұлғаларды анықтады. Сонымен қатар, бұл қызметке кәмелетке толмаған балалар тартылғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жануарларды тасымалдау үшін пайдаланылған жүк көлігі айып тұрағына қойылды.
Рейдтік іс шаралар тек ұлттық парк аумағында ғана емес, Бурабай кентінде де жүргізілуде. Мұнда қоғамдық тәртіптің сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Тексеру барысында полиция қызметкерлері азаматтардың қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде болу фактілерін анықтады, ұсақ бұзақылық пен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау жағдайлары тіркелді. Жалпы, Бурабай ауданы бойынша полиция шамамен 160 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
«Бурабай» МҰТП өкілдерінің айтуынша, бақылау шараларының күшеюі курорттық аймаққа түсетін жүктеменің артуына байланысты. Соңғы демалыс күндері курортқа шамамен 30 мың турист келген. Ал ұлттық паркке түсетін рұқсат етілген ең жоғары жүктеме жылына шамамен 890 мың адамды құрайды.
«Рекреациялық жүктеме белгіленген нормадан асқан кезде кез келген құқық бұзушылық табиғатқа бірнеше есе көп зиян келтіреді. Көліктің орман алқабына кіруі, қоқыс тастау, от жағу, өсімдіктерге зиян келтіру ұсақ тәртіп бұзушылық емес, бірегей экожүйенің деградациясын жеделдететін факторлар болып табылады. Бурабай еліміздің табиғи мұрасы болып саналады және мұнда белгіленген талаптарды сақтау әрбір келушінің міндеті», – деп атап өтті ұлттық парк өкілдері.
Бірлескен рейдтер күндізгі уақытта да, кешкі уақытта да өткізілетін болады. Заңсыз кәсіпкерліктің, көліктердің орман аймақтарына кіруінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақ режимін бұзудың және Бурабайдың табиғи кешендерінің сақталуына қауіп төндіретін әрекеттердің жолын кесуге ерекше назар аударылады.
Ұлттық парк басшылығы Бурабайдың ерекше қорғалатын табиғи аумақ екенін еске салып, келушілерді белгіленген ережелерді сақтауға, парк қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуге және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.