Кәдімгі сабақтың орнына – экологиялық тапсырмалар, командалық эстафеталар және табиғат туралы танымдық ойындар. Щучинск қаласында «Жас табиғат қорғаушылары» атты экологиялық квест өтіп, оған Ақмола облысының үш ауданынан келген мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара Халықаралық «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы аясында ұйымдастырылып, жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
3 маусым күні Щучинск қаласындағы Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің спорт алаңында «Жас табиғат қорғаушылары» атты экологиялық квест өтті.
Іс-шара Халықаралық «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы аясында ұйымдастырылды.
Экологиялық квестке Бұланды, Бурабай және Біржан сал аудандарынан алты мектептің командалары қатысты. Атап айтқанда, Бұланды ауылының негізгі мектебі, Макинка ауылының негізгі мектебі, Оқжетпес ауылының негізгі мектебі, Қатаркөл ауылындағы С. Досов атындағы негізгі мектеп, Щучинск қаласының №4 мектебі және С. Сейфуллин атындағы орта мектеп оқушылары өзара бақ сынады.
Қатысушылар тек табиғат туралы білімдерін көрсетіп қана қоймай, ептіліктерін, шығармашылық қабілеттерін және командалық бірліктерін де танытты.
Квест бағдарламасы алты тақырыптық станциядан тұрды. Оқушылар «Тайга патрулі» эстафетасында құм үстінде шаңғымен жүріп, «Табиғи тепе-теңдік» тапсырмасында табиғи материалдарды дәл 300 грамм көлемінде жинады. Сонымен қатар, экологиялық терминдерді қазақ тілінен орыс тіліне аударып, табиғи материалдардан экологиялық эмблемалар жасады, жапырақтары арқылы ағаштарды, тұмсықтары арқылы құстарды анықтады және әуе шарларымен өткізілген серпінді эстафетаға қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Бұланды ауылының негізгі мектебі иеленді. Екінші орын Макинка ауылының негізгі мектебіне бұйырса, үшінші орынды Қатаркөл ауылындағы С. Досов атындағы негізгі мектеп командасы жеңіп алды. Сонымен қатар, Оқжетпес ауылы, Бурабай кенті және Щучинск қаласының командалары белсенділік танытты.
Барлық қатысушылар табиғатты қорғау саласындағы білімдері мен белсенділіктері үшін грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
ГНПП «Бурабай» экологиялық ағартушылық жұмысты өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Осындай интерактивті форматтағы іс-шаралар арқылы балалардың табиғатқа деген жауапкершілігі артып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениеті қалыптасады.
Бүгінгі жас қатысушылар – ертеңгі табиғат қорғаушылары. Сондықтан олардың бойында туған жердің табиғи байлығын сақтауға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру ерекше маңызға ие.