Жазғы туристік маусымның басталуымен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына түсетін жүктеме айтарлықтай артты. Тек 15 пен 22 маусым аралығында паркке 70 мыңнан астам адам келді. Осы күндері ұлттық парк қызметкерлері шамамен 116 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығарды. Маусым айының өзінде бұл көрсеткіш 336 тонна қоқысқа жетті. Бұл орташа салмағы 1,5 тоннаны құрайтын 220-дан астам жеңіл автокөліктің салмағына тең. Ұлттық парк мамандарының айтуынша, жаздың алғашқы айында шығарылған қалдық көлемі 2026 жылдың алғашқы бес айында жиналған қоқыс мөлшерінен асып түскен.
Туристер санының артуы Бурабайдың табиғи кешендеріне түсетін жүктемені ұлғайтып, табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуді талап етеді. Осыған байланысты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын табиғи аумақтың белгіленген режимін бұзудың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған рейдтік іс шараларды жалғастыруда.
Бұған дейін хабарланғандай, «Бурабай» МҰТП дирекциясы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, 2026 жылғы жазғы туристік маусымға арналған рейдтік іс шаралар жоспарын бекітті. Сонымен қатар табиғат қорғау заңнамасының сақталуына бақылау ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары мен бейінді бөлімшелерінің қызметкерлері тарапынан күнделікті негізде жүзеге асырылуда.
Өткен демалыс күндерінің қорытындысы бойынша 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылар жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқаптарына көлікпен кіргені және палаткаларды арнайы белгіленбеген орындарға орнатқаны үшін айыппұл төледі.
Ұлттық парк мамандары көліктердің орман алқаптарына кіруі топырақ жамылғысы мен өсімдіктерге зиян келтіретінін, ал палаткаларды арнайы бөлінбеген орындарға тігу табиғи кешендерге қосымша жүктеме түсіріп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың белгіленген қорғау режимін бұзатынын еске салады.
«Бурабай» МҰТП келушілерді демалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауға, ресми туристік және пикник аймақтарын пайдалануға, белгіленген ережелерді сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Бурабайды сақтау әрбір келушінің жауапкершілігінен басталады.