Басты бетБурабайда Бөлектау тауына бару уақытша шектеледі

Бурабайда Бөлектау тауына бару уақытша шектеледі

Бурабайда Бөлектау тауына бару уақытша шектеледі Бурабайда Бөлектау тауына бару уақытша шектеледі

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2026 жылғы 25 маусым күні таңғы сағат 07:00-ден бастап Бөлектау тауына бару уақытша шектелетінін хабарлайды.

Бұл шешім өрт қаупінің ең жоғары, бесінші класының сақталуына, сондай-ақ келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық парктің бірегей экожүйесін қорғау мақсатында қабылданды.

Бөлектау тауы Бурабайдағы ең танымал туристік орындардың бірі болып табылады. Жаз мезгілінде бұл бағытқа күн сайын мыңдаған турист келеді, бұл табиғи аумаққа түсетін антропогендік жүктемені едәуір арттырады.

Ауа температурасының жоғары болуы, құрғақ ауа райы және қатты жел жағдайында өрттің болмашы ғана көзі жалынның жылдам таралуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, маршрут бойындағы келушілер санының көп болуы да тәуекел деңгейін арттырады.

Уақытша шектеу алдын алу шарасы ретінде енгізіліп, орман өрттерінің туындауына жол бермеуге бағытталған.

«Бурабай» МҰТП ұлттық парк аумағында өрт қауіпті кезеңнің жалғасып жатқанын еске салады. Осыған байланысты келушілер табиғат қорғау заңнамасының талаптарына жауапкершілікпен қарауға, от жақпауға, темекі тұқылын тастамауға және ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу ережелерін сақтауға шақырылады.

Маршрутқа кіруге рұқсаттың қайта ашылуы туралы қосымша хабарланатын болады.

Түсіністік танытып, Бурабай табиғатына ұқыпты қарағандарыңыз үшін алғыс білдіреміз.