«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жазғы маусым жоғары туристік белсенділік жағдайында өтуде. Тек 22–28 маусым аралығында ұлттық паркке 58 мыңнан астам адам келген.
Демалушылар санының артуымен қатар табиғи кешендерге түсетін антропогендік жүктеме де ұлғаюда. «Бурабай» экожүйесінің бірегейлігін сақтау мақсатында ұлттық парк қызметкерлері аумақты тұрақты негізде патрульдеп, рейдтік іс-шаралар жүргізеді, табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылайды және туристік маршруттар бойындағы санитарлық тазалықты қамтамасыз етеді.
Өткен апта ішінде «Бурабай» МҰТП аумағынан шамамен 42 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу режимінің сақталуына бақылау күшейтілді. Өткен демалыс күндері жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 12 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ең жиі тіркелген бұзушылықтарға белгіленбеген жерлерде шатыр құру және орман экожүйесіне автокөліктердің заңсыз кіруі жатады. Сондай-ақ рұқсат құжаттарынсыз туристік қызметті жүзеге асыру, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және тиісті рұқсатсыз тау аумақтарына шығу фактілері анықталды.
Ұлттық парк әкімшілігі бір ғана ереженің бұзылуының өзі табиғи ортаға елеулі экологиялық залал келтіруі мүмкін екенін атап өтеді. Автокөліктердің орман экожүйесіне заңсыз кіруі топырақ жамылғысының тығыздалуына және өсімдік жамылғысының бұзылуына әкелсе, шатырларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақтарға орналастыру ерекше қорғалатын аумақ режимін бұзып, экожүйеге қосымша антропогендік қысым түсіреді.
«Бурабай» МҰТП әкімшілігі келушілерді белгіленген табиғатты қорғау талаптарын қатаң сақтауға, ресми туристік маршруттар мен рекреациялық аймақтарды пайдалануға, қалдықтарды қалдырмауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады.