Басты бет«Бурабай» ұлттық паркінде кәуап қуырғаны үшін Астана қаласының екі тұрғынына жарты миллион теңгег...

«Бурабай» ұлттық паркінде кәуап қуырғаны үшін Астана қаласының екі тұрғынына жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

«Бурабай» ұлттық паркінде кәуап қуырғаны үшін Астана қаласының екі тұрғынына жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

Астана қаласының екі тұрғыны «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында от жаққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заң бұзушылық ұлттық парк мемлекеттік инспекторлары мен табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерінің бірлескен рейдтік іс-шаралары барысында анықталды.

Ұлттық парк әкімшілігі өрт қаупі жоғары кезеңде арнайы жабдықталған орындардан тыс жерде от жағуға және ашық отты пайдалануға тыйым салынатынын еске салады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Кейбір жағдайларда айыппұл мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетіп, шамамен 430 мың теңгені құрайды.    

Демалушылардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 50 пикник аймағы жабдықталған. Бұл орындарда тағам дайындауға қажетті барлық жағдай жасалған және дәл осы жерлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып, мангал қолдануға және ас әзірлеуге рұқсат етіледі.

Кезекті бірлескен рейдтердің қорытындысы бойынша 16 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында автокөліктердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына шығуының сегіз фактісі, арнайы белгіленген орындардан тыс жерде шатыр тігудің бес фактісі, рұқсат құжаттарынсыз туристік қызмет көрсетудің бір фактісі, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын, ормандардағы санитарлық қағидаларды бұзу және қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішуге қатысты екі дерек тіркелді.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері курорттық аймақ аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Рейд барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 80 фактісі анықталды. Олардың ішінде қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару, рөлде отырып ұялы телефон пайдалану, қиылыстардан өту және маневр жасау қағидаларын бұзу, техникалық ақауы бар немесе заңсыз қайта жабдықталған көліктерді пайдалану, көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізу, сондай-ақ мас күйінде көлік басқару фактілері бар.

Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті бұзу, оның ішінде тыныштықты бұзу және қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу әрекеттерінің жолы кесілді.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылауға бағытталған күшейтілген рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Мемлекеттік инспекторлар мен полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысы маусым бойы жүргізілетін болады.

Бақылау ең көп баратын табиғи аумақтарды, автокөлік бағыттарын және жаппай демалыс орындарын қамтиды. Атқарылып жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Бурабайдың бірегей табиғи мұрасын сақтау.