Басты бетЖағажай аумағын жалға алушы санитариялық талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды

Жағажай аумағын жалға алушы санитариялық талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды

Жағажай аумағын жалға алушы санитариялық талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде мемлекеттік инспекторлар мен полиция қызметкерлері бірлесіп жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында жағажайлардың бірінде санитариялық талаптардың бұзылу фактісі анықталды.

Тексеру нәтижесінде жағажайды жалға алушы биодәретхананың жинақтау сыйымдылығының шамадан тыс толуына жол бергені белгілі болды. Соның салдарынан тұрмыстық ағынды қалдықтар төгілген. Алайда көлдің ластануына жол берілген жоқ.

Құқық бұзушылық анықталғаннан кейін жалға алушы оның салдарын жедел түрде жойды. Соған қарамастан ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Ұлттық парк әкімшілігі санитариялық нысандарды талапқа сай күтіп ұстамау, тұрмыстық ағынды қалдықтарды төгу және қалдықтарды бей-берекет орналастыру қоршаған ортаға зиян келтіріп, аумақтың санитариялық жағдайын нашарлататынын әрі ерекше қорғалатын табиғи аумақтың экожүйесіне қауіп төндіретінін еске салады.

Аталған жағдайдан бөлек, екі күндік рейд барысында мемлекеттік инспекторлар табиғат қорғау заңнамасын бұзудың тағы бірнеше фактісін анықтады.

Атап айтқанда, көлік құралдарының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына шығуы, шатырлардың арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерге тігілуі, қажетті рұқсат құжаттарынсыз туристік қызметтің жүзеге асырылуы және мемлекеттік орман қоры аумағына қоқыс тастау фактілері тіркелді.

Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

«Бурабай» МҰТП-де рейдтік іс-шаралардың тұрақты негізде жүргізілетіні атап өтілді. Бұл жұмыстар барысында табиғат қорғау заңнамасының, санитариялық талаптардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу қағидаларының сақталуына, сондай-ақ келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұлттық парктің бірегей экожүйесін қорғауға ерекше назар аударылады.