Басты бетБурабайдан қалай жылдам шығуға болады: туристерге баламалы бақылау-өткізу бекеттері туралы кеңестер

Бурабайдан қалай жылдам шығуға болады: туристерге баламалы бақылау-өткізу бекеттері туралы кеңестер

Бурабайдан қалай жылдам шығуға болады: туристерге баламалы бақылау-өткізу бекеттері туралы кеңестер

 

Жазғы туристік маусымның қызған шағында демалыс және мереке күндері «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағынан шығатын жолдарда көлік қозғалысы дәстүрлі түрде артады. Көлік ағынының негізгі бөлігі Бурабай кентіндегі №2 бақылау-өткізу бекеті арқылы өтеді. Жаз мезгіліндегі демалыс күндері бұл бекеттен тәулігіне 3 мыңға дейін автокөлік өтеді.

Сонымен қатар көптеген туристер ұлттық парк аумағынан тағы үш бақылау-өткізу бекеті арқылы шығуға болатынын біле бермейді.

Ұлттық парк әкімшілігі сапар бағытына қарай қайтар жолды алдын ала жоспарлауға кеңес береді. Бұл кептелістерді азайтып, жолды жүргізушілер үшін де, басқа келушілер үшін де жайлы етеді.

Астана немесе Көкшетау бағытына жол жүресіз бе?

Онда ұлттық парктің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан №1 бақылау-өткізу бекетін пайдаланған ыңғайлы. Бұл бағыт Бурабай кенті арқылы өтетін ең көп жүктелетін жолды айналып өтіп, Астана–Көкшетау республикалық автожолына тікелей шығуға мүмкіндік береді.

Демалысыңыз Щучье көлі маңында немесе курорттық аймақтың орталық бөлігінде өтті ме?

Бұл жағдайда ең қолайлы таңдау – №3 бақылау-өткізу бекеті. Ол Щучинск қаласы арқылы өтеді және курорттық аумақтағы көлік қозғалысын тиімді қайта бөлуге мүмкіндік береді.

Ұлттық парктің батыс бөлігінде демалып жүрсіз бе?

Онда «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығы арқылы өтетін №4 бақылау-өткізу бекетін таңдауға болады. Бұл бағыт та негізгі шығу жолындағы ұзын-сонар кезектерді айналып өтуге мүмкіндік береді.

Жыл сайын Бурабайға бір миллионнан астам адам келеді. Жаз айларында жол инфрақұрылымына түсетін жүктеме айтарлықтай артады. Сондықтан көлік ағынын аздап болса да қайта бөлу шығу кезіндегі күту уақытын қысқартып, кептелістерді азайтуға көмектеседі.

Үйге қайтар алдында келушілерге шығу бағыттарының сызбасымен алдын ала танысып, өз бағытына ең қолайлы бақылау-өткізу бекетін таңдауға кеңес беріледі. Жолды алдын ала жоспарлауға жұмсалған бірнеше минут сапарда көп уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.