Неліктен орман өрті найзағайдан бірнеше күн өткен соң басталуы мүмкін? ГНПП «Бурабайда» «жасырын» өрт ошақтары қалай пайда болады?
Бұл сұраққа «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директор орынбасары, бас орманшы Бауыржан Махметов жауап берді:
«Найзағай түскен кезде ағаш әрдайым жанып кетпейді немесе көзге көрінетіндей зақым алмайды. Бұл электр разрядының қуатына және ағаштың жағдайына байланысты.
Мұны найзағайдан қорғайтын құрылғымен (найзағай тартқышпен) салыстыруға болады. Принципі ұқсас: электр заряды өткізгіш орта арқылы өтіп, жерге тарайды. Кей жағдайда ағаш табиғи өткізгіштің қызметін атқарады – электр разряды дің арқылы топыраққа өтеді де, ағаштың өзін айтарлықтай зақымдамайды.
Алайда найзағайдың энергиясы орман төсеніші құрамындағы құрғақ мүк, қылқан, жапырақ, ұсақ бұтақтар мен басқа да өсімдік қалдықтарын тұтатуы мүмкін. Мұндай кезде ашық жалын бірден пайда болмауы ықтимал. Орман төсенішінің ішінде көзге көрінбейтін бықсу процесі басталып, ол топырақ астында бірнеше күн бойы сақталуы мүмкін.
Тіпті найзағайдан кейін жаңбыр жауғанның өзінде бықсу толық тоқтамайды. Ауа температурасы көтеріліп, ылғалдылық төмендеп, жел күшейген кезде мұндай жасырын ошақ біртіндеп жер бетіне шығып, ашық жалынға айналады. Желдің екпіні тереңде жатқан бықсып жатқан ошаққа оттегінің келуін күшейтіп, бықсуды белсенді жануға ұластырады.
Сондықтан найзағайдан кейінгі өрт бірден емес, бірнеше күннен соң анықталуы мүмкін. Бұл – әсіресе өрт қаупі жоғары кезеңде орман алқаптарында жиі кездесетін табиғи құбылыс», – деді Бауыржан Махметов.