Басты бет«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Ақылбай орманшылығында болған орман өрті толық сөн...

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Ақылбай орманшылығында болған орман өрті толық сөндірілді

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Ақылбай орманшылығында болған орман өрті толық сөндірілді

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 25 шілде күні найзағай разряды салдарынан Ақылбай орманшылығы аумағында орын алған орман өртін толық сөндіру жұмыстары аяқталды.

Өрт орман өрттерін ерте анықтайтын Smart жүйесінің көмегімен дер кезінде анықталды. Соның арқасында оқиға орнына күштер жедел жұмылдырылып, өрттің кең ауқымда таралуына жол берілмеді. Алайда өртті оқшаулау оны толық сөндіруді білдірмейді.

Өртті сөндіруге «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, арнайы техника мен авиация тартылды. Жұмыстар таулы жер бедерінің күрделілігіне, қатты желге және кейбір учаскелердің қолжетімсіздігіне байланысты қиын жағдайда жүргізілді. Соған қарамастан өрт оқшауланып, оның одан әрі таралуына жол берілген жоқ.

Өрт оқшауланғаннан кейін ең күрделі әрі жауапты кезеңдердің бірі – толық сөндіру (дотушивание) жұмыстары басталды. Екі түн бойы ұлттық парк қызметкерлері мен жұмылдырылған мамандар өрт шарпыған аумақты қайта-қайта суарып, жер астында бықсып жатқан жасырын ошақтарды жойып, әрбір учаскені мұқият бақылауда ұстады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін өрттің ең қиын жететін бөліктеріне үздіксіз су жеткізу ұйымдастырылды.

Мамандардың айтуынша, өрттің оқшаулануы оның толық жойылғанын білдірмейді. Оқшауланған өрт бақылауға алынғанымен, орман төсенішінде, ағаш тамырларында, қураған бұтақтар мен түбірлерде жасырын бықсу ошақтары сақталуы мүмкін. Сондықтан өрттің таралуы тоқтатылғаннан кейін қайта тұтану қаупін толық жою үшін ұзақ әрі мұқият толық сөндіру жұмыстары жүргізіледі. Осындай жұмыстар толық аяқталғаннан кейін ғана өрт толық сөндірілді деп есептеледі.

Мемлекеттік инспекторлардың, орман өртін сөндірушілердің, төтенше жағдайлар қызметі мамандарының кәсібилігі мен барлық бөлімшелердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде орман алқабы сақталып, өрттің ірі орман өртіне ұласуына жол берілмеді.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өңірде өрт қаупі жоғары кезеңнің әлі де сақталып отырғанын еске салады. Осыған байланысты парк әкімшілігі тұрғындар мен қонақтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, рұқсат етілмеген жерлерде от жақпауға, сөндірілмеген темекі тұқылын тастамауға және кез келген өрт белгілері байқалған жағдайда ұлттық парк қызметкерлеріне немесе 112 нөміріне дереу хабарлауға шақырады.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әкімшілігі орман өртін сөндіруге қатысқан барлық қызметкерлерге жоғары кәсібилігі, төзімділігі және ұлттық парктің бірегей табиғатын сақтауға қосқан жанқиярлық еңбегі үшін шынайы алғысын білдіреді.