«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өткізілетін рейдтік іс-шараларға прокуратура, әкімдік, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары, полиция және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қосылды. Ведомствоаралық өзара іс-қимылдың күшеюі туристік жүктеме ең жоғары кезеңде табиғат қорғау заңнамасының, санитариялық талаптардың, өрт қауіпсіздігі қағидаларының және қоғамдық тәртіптің сақталуын кешенді бақылауға мүмкіндік берді.
Өткен аптада «Бурабай» МҰТП мемлекеттік инспекторлары табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 16 дерегін анықтады. Оның ішінде көлік құралдарының жалпы пайдаланымдағы жолдардан орман алқабына түсуінің 11 дерегі, арнайы бөлінбеген орындарға шатыр тігудің үш дерегі және мемлекеттік орман қорын қатты тұрмыстық қалдықтармен ластаудың екі дерегі тіркелді. Анықталған барлық құқық бұзушылық бойынша айыппұл салына отырып, әкімшілік материалдар рәсімделді.
Көлік құралдарының орман алқабына түсуі, шатырларды рұқсат етілмеген орындарға тігу және аумақты ластау ұлттық парктің табиғи кешендеріне қосымша жүктеме түсіреді, топырақ жамылғысы мен өсімдіктерге зиян келтіреді, сондай-ақ орман өрттерінің туындау қаупін едәуір арттырады. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтар мемлекеттік инспекторлардың ерекше бақылауында.
Құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, рейдке қатысушылар демалушылар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Келушілерге табиғат қорғау заңнамасының талаптары, өрт қауіпсіздігі қағидалары, санитариялық нормалар және ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу тәртібі түсіндіріледі. Мұндай тәсіл құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартып қана қоймай, жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аудандық полиция қызметкерлері курорттық аймақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын қабылдауда. Бір апта ішінде ұлттық парк аумағында ірі қара малды заңсыз жайғаны үшін мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ заңсыз сауда ұйымдастырушыларына, моторлы рикшалардың төрт иесіне және квадроциклдердің екі иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді. Тағы бір жүргізуші көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.
Моторлы рикшаларды пайдалану саласында тәртіп орнату жеке бағыт ретінде жалғасуда. Алдыңғы рейд барысында осындай 67 көлік құралы кенттік полиция бөліміне жеткізілді. Олардың иелеріне заңнама талаптары түсіндіріліп, көлікті мемлекеттік есепке қою және тіркеу нөмірлік белгілерін алу қажеттігі туралы хабарламалар табыс етілді. Қазіргі уақытта олар қажетті құжаттарды рәсімдеуге кірісті. Бұл жұмыс демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ курорттық аймақта қызмет көрсететін тасымалдаушылардың қызметін заңдастыруға бағытталған.
«Бурабай» МҰТП ведомствоаралық рейдтердің тұрақты негізде өткізілетінін еске салады. Ұлттық парк өңір тұрғындары мен қонақтарын ерекше қорғалатын табиғи аумақта белгіленген болу қағидаларын сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарауға және тек заңды түрде жұмыс істейтін туристік операторлардың қызметін пайдалануға шақырады.