Өрт қаупінің жоғары деңгейіне және қолданыстағы шектеулерге қарамастан, кейбір келушілер өрт қауіпсіздігі талаптарын елемеуді жалғастыруда. Кезекті рейдтік іс-шаралар барысында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторлары орман алқабында кәуап дайындау үшін от жаққан туристерді анықтады. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған демалушыларға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Кезекті рейдтердің қорытындысы бойынша мемлекеттік инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жалпы саны 15 дерегін анықтады.
Тексеру барысында автокөліктердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына шығуының 6 дерегі, су айдындарының жағалау аймағына шығуының 7 дерегі, сондай-ақ палаткаларды арнайы белгіленбеген орындарға тігу фактілері тіркелді.
Ұлттық парк үшін өзекті мәселелердің бірі – демалушылардың қалдырып кететін қоқыс көлемінің көптігі. Тек 2026 жылдың алғашқы жеті айында ғана «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында келушілер 2 850 текше метр қатты тұрмыстық қалдық қалдырған. Бұл көлемі 50 литр болатын шамамен 57 мың қап қоқысқа тең. Бұл көрсеткіш жаппай туризмнің табиғи аумаққа түсіретін жүктемесін айқын көрсетеді.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келушілердің әрқайсысы белгіленген ережелерді сақтауға міндетті екенін еске салады. Тыйым салынған жерлерде от жақпаңыздар, жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан шықпаңыздар, демалыстан кейін қоқыстарыңызды өздеріңізбен бірге алып кетіңіздер және тек арнайы жабдықталған демалыс орындарын пайдаланыңыздар.
Рейдтік іс-шаралар полиция қызметкерлерімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп тұрақты негізде жүргізілуде және бүкіл туристік маусым бойы жалғасады. Олардың басты мақсаты – Бурабайдың бірегей табиғатын сақтау және барлық келушілер үшін қауіпсіз әрі жайлы демалысты қамтамасыз ету.