«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде қызметкерлерге арналған семинар және курорттық аймақтағы кәсіпкерлер мен келушілерге арналған ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды. Іс-шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналды.
Ұлттық парк қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруге арналған семинар өткізілді. Семинарды Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Аманжол Құсайынов жүргізді.
Кездесу барысында қатысушыларға заңнамадағы негізгі өзгерістер жан-жақты түсіндіріліп, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне қатысты нормаларға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, ашықтық, жариялылық және қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі жеке жауапкершілік қағидаттарын сақтау мәселелері қарастырылды.
Іс-шаралардың жалғасы ретінде Бурабай кентінің курорттық аймағында профилактикалық акция ұйымдастырылды. «Бурабай» МҰТП қызметкерлері Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің өкілдерімен бірлесіп, кәсіпкерлер мен азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акция қайық станциясында және Абылай хан алаңқайында өтті. Қатысушыларға мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі қағидаттары мен заңнаманы сақтаудың маңыздылығы түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы ақпараттық брошюралар таратылды.
«Бурабай» МҰТП-де мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұлттық парк қызметкерлері, кәсіпкерлер және ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келушілер арасында заңдылық, ашықтық және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.