«Бурабай» МҰТП-де кезекті рейдтік іс-шаралар барысында қажетті рұқсат құжаттарынсыз туристік қызмет көрсетудің бірден үш фактісі анықталды. Тағы сегіз құқық бұзушылық автокөліктердің орман алқабы мен жағалау аймағына заңсыз кіруіне және шатырлардың арнайы белгіленбеген орындарға тігілуіне байланысты болды.
Кезекті рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша «Бурабай» МҰТП мемлекеттік инспекторлары табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 11 фактісін анықтады.
Ұлттық парк туристік қызмет көрсетуді ұйымдастырушыларға тиісті өтініш беру, шарт жасасу және әрбір туристік сапарға маршруттық парақ рәсімдеу қажеттігін еске салады.
«Ұлттық парк туристік топтардың қозғалысын кім және қандай маршруттар бойынша ұйымдастыратынын білуі, сондай-ақ жекелеген табиғи нысандарға түсетін рекреациялық жүктемені есепке алуы қажет», – деп түсіндірді «Бурабай» МҰТП туризм және рекреация бөлімінің мамандары.
Демалушылар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар да әлі де анықталуда. Автокөліктердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан тыс жерлерге шығуы топырақ пен өсімдік жамылғысына зиян келтіреді. Ұлттық парк аумағында шатыр тігу үшін де арнайы белгіленген орындар қарастырылған.
Жазғы кезеңде «Бурабай» МҰТП аумағындағы рейдтік іс-шаралар бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде өткізіледі. Оларға мемлекеттік инспекторлармен бірге полиция қызметкерлері және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.
Мәселен, екі демалыс күні ішінде полиция қызметкерлері 83 құқық бұзушылықты анықтады. Олардың қатарында қауіпсіздік белдігін және сыртқы жарық құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік құралын басқару, жаяу жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы қағидаларын бұзу, міндетті техникалық қарап-тексерудің және сақтандыру полисінің болмауы, сондай-ақ көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау фактілері бар. Сонымен қатар көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік басқарған бір фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда тиісу және алкогольдік ішімдіктер ішу сияқты қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттерінің жолын кесті.
Құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, мемлекеттік инспекторлар профилактикалық жұмыстар жүргізіп, келушілерге заңнама талаптары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу қағидаларын түсіндіреді.
«Бурабай» МҰТП еске салады: ұлттық парк мәртебесі ерекше қорғау режимін сақтауды талап етеді!