Өткен демалыс күндері «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жүргізілген кезекті рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша көлік құралдарының орман алқабына заңсыз кіргені үшін екі, жағалау аймағына кіргені үшін тағы екі әкімшілік айыппұл салынды.
Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар жаз басталғалы жүргізілген рейдтердің нәтижелерін талдау ұлттық паркке келушілердің қандай ережелерді жиі бұзатынын көрсетіп отыр.
2026 жылғы 1 маусым мен 24 тамыз аралығында рейдтік іс-шаралар барысында 117 құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде ең көбі – автокөліктердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына заңсыз кіруі. Мұндай 54 факт тіркелді, бұл анықталған барлық құқық бұзушылықтың 46%-ын құрайды.
Тағы 13 жағдайда жүргізушілер жолдан шығып, жағалау аймағына кірген. Осылайша көлік құралдарының орманға және су айдындарының жағалауына заңсыз кіруіне қатысты барлығы 67 факт тіркелді. Бұл жазғы рейдтер барысында анықталған барлық құқық бұзушылықтың 57%-дан астамын құрайды.
Арнайы белгіленген орындардан тыс жерде шатыр тігу де жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі болып отыр – 28 факт. Тағы 13 әкімшілік материал қажетті рұқсат құжаттарынсыз туристік қызметті жүзеге асырғаны үшін рәсімделді.
Осы кезеңде ормандардағы өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитариялық қағидаларды бұзудың төрт фактісі анықталды. Мемлекеттік орман қорын тұрмыстық қалдықтармен ластаудың үш жағдайы және кәріз қалдықтарын төгудің бір фактісі тіркелді. Сондай-ақ бір келуші қажетті рұқсат құжаттарынсыз тауға шыққаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Бұл көрсеткіштер туристік маусымның тағы бір қырын аңғартады. Келушілердің басым көпшілігі Бурабайға демалуға келіп, белгіленген ережелерді сақтайды. Алайда демалушылардың аз ғана бөлігінің әрекеті ұлттық парк сақтауға міндетті табиғи аумаққа қосымша жүктеме түсіреді.
«Бурабай» МҰТП өңір тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасайды: жолдан шығып орманға кірмеңіздер, автокөлікпен жағалау аймағына бармаңыздар, шатырларды тек рұқсат етілген орындарда тігіңіздер, тыйым салынған жерлерде от жақпаңыздар және қоқыс қалдырмаңыздар. Ұлттық паркке өзіңізбен бірге алып келген барлық затты – пакеттерді, бөтелкелерді, қаптамаларды, бір рет қолданылатын ыдыстарды – өзіңізбен бірге алып кету қажет.
Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа бару қағидалары демалысты шектеу үшін белгіленбеген. Олардың мақсаты – Бурабайдың ормандарын, көлдері мен тауларын тамашалау мүмкіндігін бүгін ғана емес, болашақта да сақтау.
«Бурабай» МҰТП аумағында рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде жалғасуда.