Орманға, көлге немесе демалыс орнына автокөлікпен барынша жақын баруға ұмтылу әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғуы мүмкін. «Бурабай» МҰТП-де кезекті рейдтік іс-шаралар барысында көлік құралдарының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан тыс жерлерге шығуы, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумаққа бару қағидаларында көзделмеген орындарда шатыр тігу фактілері қайта анықталды.
Рейдтердің қорытындысы бойынша мемлекеттік инспекторлар табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 9 фактісін тіркеді.
Оның ішінде 4 факт көлік құралдарының жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына шығуына, тағы 2 факт жағалау аймағына кіруіне байланысты. Сонымен қатар арнайы белгіленген орындардан тыс жерде шатыр тігудің 3 фактісі анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.
Ұлттық парк аумағында автокөліктердің жолдан тыс қозғалысына шектеу бекер енгізілген жоқ. Көлік құралдарының жүруі топырақ пен өсімдік жамылғысына зиян келтіреді, бейберекет кірме жолдардың пайда болуына ықпал етеді және табиғи аумақтарға түсетін антропогендік жүктемені арттырады. Әсіресе туристік маусымның қызған шағында рекреациялық жүктеме айтарлықтай артатын жағалау учаскелері осал келеді.
Шатыр тігуге де арнайы талаптар белгіленген. Түнеп демалу үшін осы мақсатқа арнайы белгіленген орындарды пайдалану қажет. Бұл табиғи кешендерге түсетін әсерді азайтып қана қоймай, келушілердің өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.
«Бурабай» МҰТП мемлекеттік инспекторлары туристер ең көп баратын орындарға, орман алқаптары мен жағалау аймақтарына ерекше назар аудара отырып, рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді.
Ұлттық парк еске салады: ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі арнайы бару режимін сақтауды талап етеді. Автокөлікті рұқсат етілген жерде қалдырып, бірнеше жүз метр жаяу жүру – көлікпен рұқсат етілмеген жерге бір рет кіріп, табиғатқа келтірілетін залалмен салыстырғанда әлдеқайда аз шығын.