Басты бет«Бурабай» МҰТП-ге 26 жыл: парк тарихындағы басты өзгерістер туралы ардагер әңгімесі

«Бурабай» МҰТП-ге 26 жыл: парк тарихындағы басты өзгерістер туралы ардагер әңгімесі

«Бурабай» МҰТП-ге 26 жыл: парк тарихындағы басты өзгерістер туралы ардагер әңгімесі

12 тамызда «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 26 жыл толады. Алайда бұл аумақты қорғау тарихы ұлттық парк құрылғанға дейін көп жыл бұрын басталған. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде атаулар, құрылым, заңнама, технологиялар мен жұмыс тәсілдері өзгерді. Өзгермеген басты құндылық – Бурабайдың бірегей табиғаты. Қазыналық орманшылықтан заманауи ұлттық паркке дейінгі жол туралы орман шаруашылығы мен табиғатты қорғау саласына 40 жылдан астам ғұмырын арнаған, ұлттық парктің құрылуының бастауында тұрған «Бурабай» МҰТП ардагері Владимир Канцев айтып берді.

Барлығы орманнан басталды

Бурабайдағы ұйымдасқан орман шаруашылығының тарихы 1898 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы мұнда Бурабай қазыналық орманшылығы мен орман мектебі құрылды.

Сол кездің өзінде Бурабайдың бірегей табиғаты зерттеушілер мен мамандардың назарын аударған. Уақыт өте келе бұл өлкенің табиғи байлығын шаруашылық мақсатта игеріп қана қоймай, оған ұқыпты қарап, жүйелі түрде қорғау қажеттігі туралы түсінік қалыптаса бастады.

1915 жылы Ақмола облыстық Орман кеңесінің қаулысымен Көкшетау тауы, Әулиекөл (Бурабай) көлі және оған іргелес орман алқаптары табиғат ескерткіштері ретінде белгіленді.

Келесі маңызды кезең – 1935 жылы «Бурабай» мемлекеттік қорығының құрылуы. 1952 жылы қорық таратылып, оның базасында Бурабай орман шаруашылығы құрылды. Он жылдан кейін ол «Золотой Бор» тәжірибелік-көрсетілімдік орман-аңшылық шаруашылығы болып қайта ұйымдастырылды.

Владимир Канцев Бурабайға 1983 жылы жұмысқа келген. Оның айтуынша, сол кездегі жүйе ең алдымен дәстүрлі орман шаруашылығын жүргізуге бағытталған.

«Мен бас орманшы болдым, көлдерге де, қалғанының бәріне де жауап бердім. Бірақ заңнамалық тұрғыда Орман кодексі басшылыққа алынды, сондықтан ең алдымен орманға жауапты болдым», – деп еске алады ардагер.

Кейінгі онжылдықтарда болған басты өзгерістердің бірі де осында.

Бүгінде қорғау нысаны тек орман емес, тұтас экожүйе.

Орманды қорғаудан – тұтас экожүйені сақтауға

1990 жылдардың соңына қарай Бурабайдың қарқынды өзгеріп жатқаны және оның табиғи ресурстарын басқаруда бұрынғы тәсілдердің жеткіліксіз екені барған сайын айқындала түсті.

1997 жылы орман шаруашылығының орнына «Бурабай» табиғи-сауықтыру орман кешені» мемлекеттік мекемесі құрылды. Ол небәрі үш жыл жұмыс істегенімен, аумақты басқарудың жаңа моделіне көшудегі маңызды өтпелі кезең болды.

Сол уақытқа қарай демалушылар санының артып, сонымен бірге табиғи кешендерге түсетін жүктеменің де көбейіп келе жатқаны анық байқалды. Бурабайға табиғатты сақтауды қамтамасыз ете отырып, туризмді реттеп дамытуға мүмкіндік беретін жүйе қажет болды.

Отандық және шетелдік ұлттық парктердің жұмыс тәжірибесі зерделенді. Осы жұмыстың нәтижесінде 2000 жылғы 12 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін құру туралы қаулысы қабылданды.

Владимир Канцев үшін бұрынғы және жаңа жүйенің түбегейлі айырмашылығы мекеменің атауында емес, оның жұмыс философиясының өзгеруінде.

«Ұлттық парк құрылғанға дейін бәрі ең алдымен орман шаруашылығын жүргізуге бағытталды. 2000 жылдан бастап басты міндет – табиғи кешендерді сақтау. Енді тек орман емес: таулар, жартастар, көлдер, жануарлар, құстар – барлығы», – дейді ол.

Бұл аумақты біртұтас экожүйе ретінде кешенді қорғауға көшуді білдірді.

Алғашқы маршруттар мен алғашқы ережелер

Ұлттық парктің құрылуы келушілермен қарым-қатынасты да жаңаша қалыптастыруды талап етті. 2000 жылдардың басында туристік инфрақұрылым енді ғана қалыптасып келе жатты. Адамдар орман алқаптары мен тауларға еркін кіретін, ал инспекторларға орасан зор аумақты бақылауға тура келетін.

Алғашқы шешімдердің бірі туристік ағындарды ретке келтіру болды. Ұлттық парк жұмысының алғашқы үш жылында-ақ 12 туристік маршрут әзірленіп, шатырмен демалуға арналған үш базалық тұрақ ұйымдастырылды. Оларды абаттандыру басталды, туризм бөлімі құрылды, ұйымдасқан туристік топтар жасақталып, экскурсия жүргізушілері жұмыс істеді.

Жаңа ережелерді жұртшылық бірден бірдей қабылдай қойған жоқ. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта неліктен шектеулер барын, функционалдық аймақтарға бөлу не үшін қажет екенін және туристік ағынды неліктен толықтай бақылаусыз қалдыруға болмайтынын түсіндіру қажет болды.

Шын мәнінде, дәл сол кезеңде бүгінде ұлттық парк жұмысының қалыпты бөлігіне айналған модель қалыптаса бастады: келуші бірегей табиғатты тамашалауға мүмкіндік алады, бірақ оның аумақта болуы өзі көруге келген табиғатқа зиян келтірмейтіндей ұйымдастырылуы тиіс.

Инспектордың жұмысы қалай өзгерді?

Бұл тарихтың тағы бір маңызды бөлігі – табиғатты қорғау қызметінің дамуы.

Владимир Канцев орман шаруашылығының штатында аумақты тазалауға жауапты жеке қызметкерлер болмаған кезді жақсы біледі. Көбіне бұл міндет те орманшыларға жүктелетін.

Сонымен қатар орманшы өзінің негізгі жұмысын да атқаруы тиіс еді: орманды қорғау, құқық бұзушылықтарды анықтау және әкімшілік материалдарды рәсімдеу.

Іс жүзінде инспектор мәртебесінің өзі жеткіліксіз екені белгілі болды. Заңнаманы білу, құжаттарды сауатты рәсімдеу, адамдармен тіл табысу және түрлі жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдылары қажет болды.

Салыстыру үшін ол шетелдік тәжірибені, соның ішінде АҚШ ұлттық парктерінің инспекторларын даярлау жүйесін зерттеген. Онда табиғи аумақты қорғау қызметкері құқық қорғау жұмысынан бастап алғашқы көмек көрсетуге дейінгі кең ауқымды құзыреттерге ие.

Өткен онжылдықтар ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауға қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерді. Бүгінде мемлекеттік инспектор – тек орманды қадағалайтын қызметкер емес. Оның жұмысына табиғи кешендерді қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау, келушілермен жұмыс істеу, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет ету кіреді.

Қоқыс жинайтын бөшкеден заманауи инфрақұрылымға дейін

Парктің даму тарихы тек ауқымды шешімдерден тұрмайды. Кейде өзгерістің қаншалықты үлкен болғанын қарапайым тұрмыстық дүниелерден-ақ байқауға болады.

Канцев бірнеше онжылдық бұрын аумақтағы қоқыстың кәдімгі металл ыдыстарға жиналғанын еске алады. Арнайы техника жеткіліксіз болғандықтан, тазалау жұмыстарына тіркемесі бар трактор тартылып, қоқысты қолмен түсіруге тура келетін.

Ұлттық парк дамыған сайын материалдық-техникалық база да өзгерді. Арнайы техника пайда болып, аумақты күтіп ұстау жүйесі біртіндеп жетілдірілді.

Бүгінде бұл тәсіл нақты инфрақұрылым мен заманауи технологиялар арқылы жүзеге асырылып отыр. «Бурабай» МҰТП-де экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттар дамытылып, кордондар мен орман өрт сөндіру станциялары жаңғыртылуда. Ормандарды қалпына келтіру үшін жыл сайын миллиондаған екпе көшет өсірілетін орман питомнигі жұмыс істейді.

Өртті ерте анықтау жүйесі тұтану ошақтарын жедел анықтауға мүмкіндік береді, ал паркке кіру мен төлем жасауды автоматтандыру келушілер үшін бұл үдерісті барынша ұйымдасқан әрі ыңғайлы етеді.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Алдағы өзгерістер табиғи кешендерді сақтау, инфрақұрылымды жетілдіру және келушілер үшін заманауи жағдай жасау міндеттерін біріктіретін «Щучье-Бурабай курорттық аймағын» дамыту тұжырымдамасында көзделген.

Бұл ретте басты қағида өзгеріссіз қалады: ұлттық парктің дамуы табиғатқа зиян келтірмеуі тиіс.

Сонымен бірге тағы бір көрсеткіш – келушілер саны да өсті. Бүгінде Бурабайдың одан әрі даму бағытын айқындайтын негізгі факторлардың бірі де осы.

Туристер көбейген сайын тепе-теңдікті сақтау маңызды

Ондаған жыл ішінде Бурабай еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың біріне айналды. Астанаға жақын орналасуы, жолдар мен туристік инфрақұрылымның дамуы ұлттық паркті миллиондаған адам үшін қолжетімді етті.

Алайда танымалдықтың екінші жағы бар. Ол – рекреациялық жүктеме.

«Бұрын мұншалықты көп демалушыны көрген емеспін», – дейді Владимир Канцев туристік маусымның қызған шағында танымал табиғи аумақтарға келетін адамдар саны туралы.

Мәселе тек қоқыс немесе автокөлік санында емес. Күн сайын мыңдаған адам бір соқпақтармен жүріп, тауларға көтеріліп, көл жағалауларына барады. Мұның әсерін топырақ, өсімдіктер, жағалау аймақтары және басқа да табиғи кешендер сезінеді.

Сондықтан ұлттық парк үшін туристік ағындарды басқарудың маңызы артып келеді. Бұл – жабдықталған маршруттарды дамыту, келушілерді әртүрлі локациялар арасында бөлу, рұқсат етілген рекреациялық жүктемені сақтау және адамның болуы табиғатқа барынша аз зиян келтіретін жерлерде инфрақұрылым қалыптастыру.

Ұлттық парктің міндеті осыдан 26 жыл бұрын құрылған кездегідей өзгеріссіз қалып отыр: адамдарға Бурабайды көруге мүмкіндік беру және сонымен бірге оны сақтап қалу.

«Ұлттық парк – тірі организм»

Владимир Канцев еңбек еткен жылдары Бурабайды әр кезеңде көрді: орман шаруашылығы кезінде де, табиғи-сауықтыру кешені болған уақытта да, маршруттар жүйесін енді қалыптастырып, келушілерді жаңа ережелерге үйретіп жатқан жас ұлттық парк ретінде де.

Оның өзі бұл аумақты тірі организмге теңейді.

«Мен ұлттық парк – тірі организм деп үнемі айтатынмын. Мұнда күндіз де, түнде де тіршілік бір сәтке тоқтамайды», – дейді ардагер.

Осы қарапайым сөздердің өзінде ондаған жыл ішінде болған өзгерістердің мәні жатқандай.

Орманды көлден бөлек сақтап қалу мүмкін емес. Көлді оның жағалауынан, жануарларды мекен ету ортасынан бөлек қарастыруға болмайды. Ал бүгінде Бурабай табиғатын мұнда демалуға келетін миллиондаған адамның әсерінен тыс қарастыру мүмкін емес.

Сондықтан қазіргі ұлттық парк – тек орманды қорғау қызметі емес. Бұл табиғатты қорғау және ғылыми қызметті, орман шаруашылығын, туризмді, өрт қауіпсіздігін, экологиялық ағартуды, инфрақұрылымды және табиғи кешендердің жай-күйін тұрақты бақылауды біріктіретін үлкен жүйе.

26 жыл ішінде құралдар мен технологиялар өзгеріп, аумақты басқару тәсілдері жетілдірілді. Бірақ парк ардагерлері оның қалыптасу кезеңінде негізін қалаған басты қағида өзгерген жоқ: даму табиғатты сақтаған жағдайда ғана мүмкін.

Өйткені ұлттық парк жұмысының тиімділігі салынған нысандардың санымен де, тіпті келген туристердің санымен де өлшенбейді.

Ең басты нәтиже – келер ұрпаққа аманат ете алатын Бурабай.